Нигерияда белгісіз біреулер мектеп-интернатқа шабуыл жасады. Лаңкестер бір оқушыны атып өлтіріп, қалған 42 баланы алып кеткен. Шабуыл шамамен түңгі екілер шамасында жасалған. Бұл уақытта ғимаратта 600-ге жуық тәрбиеленуші болыпты. Куәгерлердің айтуынша, содырлар әскери киім киген.
Калеб САМАЙЛА, ОҚУШЫ:
Мен ол күні жатақханада ұйықтап жатқанмын. Атысты естіп, оянып кеттім. Шыққасын бір белгісіз кісілерді көріп, қоршаудың арғы жағына қашып кеттім. Менімен бірге басқа да балалар қашты.
Қазір жоғалған балаларды нигериялық әскери құрылымдар іздеп жатыр. Айта кету керек, бұл елде мұндай шабуылдар жағдайлар жиі кездеседі. Әдетте ДАИШ топтары ұйымдастырып отырады. Екі ай бұрын олар орта мектептен 600 баланы ұрлап, алып кеткен болатын. Кейін тең жартысын қайтарған еді. Тағы 80 баланы әскерилер арнайы операция кезінде босатып алды. Ал қалған тұтқындардың жатқан жері, әлі күнге дейін белгісіз.
А. Құрманкин