Русский Сайттың толық нұсқасы

АҚШ-тағы оқыс оқиғадан кейін Boeing 777 ұшағы ұшуын тоқтатты

  • AstanaTV
  • 22 ақпан 2021
  • 1616

АҚШ-тағы оқыс оқиғадан кейін United Airlines әуекомпаниясы Boeing 777 ұшағының ұшуын уақытша тоқтатты. Ал Boeing әкімшілігі осы модельдегі ұшағы бар өзге де әуекомпанияларға эксплуатацияны тоқтата тұруды ұсынды. Бұған АҚШ-тың Денвер қаласынан Гавай аралдарына бет алған ұшақтың көкте қозғалтқышы өртенуі себеп болды. Абырой болғанда осы сәтте бортта болған 250-ге жуық жолаушының барлығы дін аман.

Мына видеоны сол ұшақта болған жолаушылардың бірі түсірген. Денверден Гавай аралдарына беттеген әуе көлігінің жарты сағаттан кейін қозғалтқышы өртенді. Абырой болғанда зардап зардап шеккендер жоқ. Ұшқыш кері бұрылып, ұшақты әуежайға қайта қондырды.

Бренда ДОНН, ЖОЛАУШЫ:

Ұшақ биіктік ала бастағанда барлығы бір қалыпты болды. Кейін қатты бір дыбыс шыққанын естідік. Артынша ұшақ шайқала бастады. Қозғалтқыштың өртеніп жатқанын көзімізбен көрдік. Қорқынышты болған соң пердені жауып, дұға ете бастадық.

Бретт ГАЙ, ЖОЛАУШЫ:

Адамдар жағдайдың қаншалықты қиын болғанын түсінбеді. Аман қалдық, жолымыз болды. Қайта Гавайға барып, уақытты жақсы өткіземіз деген ойдамын.


Өртенген қозғалтқыштың бөліктері тұрғын үйлердің жанына құлаған. Бірі баққа, бірі спорт алаңына. Елді-мекенде де ешкім зардап шеккен жоқ.

Рэйчел УЭЛТ, БРУМФИЛД ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ҚОҒАМДЫҚ АҚПАРАТ БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:


Бұл саябаққа жүздеген адам келуі мүмкін. Сондықтан құлаған сынықтардан ешкімнің зардап шекпегені таңқаларлық жағдай.

Осы келеңсіздіктен соң, қолданыстағы барлық Boeing 777 ұшағы тексерістен өтетін болды. United Airlines әуекомпаниясы қазіргі уақытта 24-ін кері қайтарып, ұшуын уақытша тоқтатты.

Стив ДИКСОН, АҚШ АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯСЫ ФЕДЕРАЛДЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Мен "Boeing 777" модельін жедел тексеруді бастауды талап ететін, төтенше бұйрық шығаруды тапсырдым. Бұл жағдайда, кейбір ұшақтар қолданыстан шығарылуы мүмкін.

АҚШ-тағы жағдайдан кейін Жапония да Boeing 777 ұшағын шектеу туралы шешім қабылдады. Ал сарапшылар қозғалтқыштың өртенуіне не себеп болғанын зерттеп жатыр. Айта кетейік, Нидерландыда Boeing 747 жүк тасығыш ұшағында өрт шығып, жерге құлаған сынықтарынан екі адам зардап шеккен еді. Ал Boeing 737 моделі Эфиопия және Индонезияда апатқа ұшырап, кейін бүкіл әлем бойынша қолданыстан алынып тасталған болатын. Бірақ жақында қайта эксплуатацияға рұқсат алды.

Ә. Өмірзақ, А. Сүйімбаева