Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысының тұрғындары апатты көпірмен өтіп жүр

  • AstanaTV
  • 24 ақпан 2021
  • 2692

Қызылорда облысының тұрғындары апатты көпірлерді пайданалып жүр. Әсіресе, бұл мәселе бірнеше жылдан бері Шиеліге қарасты, Тәжібаев ауылы тұрғындарының бас ауруына айналған. Бірақ жергілікті атқамінерлер көпір жырын шешуге асығар емес. Биыл облыс бойынша тағы 7 өткел апатты деп танылды. Ал, Қарғалы ауылындағы қалқымалы көпірді алып тастамақшы. Тақырыпты тілшіміз тарқатады.

Қарғалы ауылының тұрғындары, осылай бір айға жететін азығын тасып алуға мәжбүр. Себебі Сырдарияда сең жүрсе, қалқымалы көпірді алып тастайды. Су деңгейі түсіп кетсе де халық үш сағаттық жолмен айналып өтуге мәжбүр. Аудан мен ауылды жалғап тұрған жалғыз өткелдің қауіпті екенін мойындайды. Сол үшін көліктен адамдар түсіп, жаяу қарсы бетке өтеді.

Алтынкүл АХМЕТОВА, ҚАРҒАЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Жалғыз азық-түлік болса ешнәрсе емес қой отырасың. Адам ауырады, оның ішінде екіқабат келіншектер болады. Қиын біздерге, жағдайымыз осы. Неше жылдан бері. Мен көзімді ашқалы осы ауылдың тұрғынымын. Бұрындары аударылды ғой. Бұның үстінде адам да кетіп қалған. Сең келіп соғып кеткен да адамды алып кеткен былай қарай.

Көршілес Тәжібаев ауылының тұрғындары да көпірден жандарын шүберекке түйіп өтеді. Себебі салынғанына елу жылдан асқан өткел құлаудың алдында тұр. Күн өткен сайын мүжіліп, шөгіп келеді. Тіпті былтыр апатты деп танылған. Сондықтан мұнда ауыр көліктердің өтуіне тыйым салынған.  

Оралжан ЖАХАНОВ, ТӘЖІБАЕВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Екі машина келегенде қиын болып қалады. Авариялық жағдай болып жатыр қатар келгенде. Қауіпті, құлайын деп тұр. Дәу машиналар өтсе, ертең мүлде тынады ғой.


Бұл өткел апатты болса да түбегейлі жабылмаған. Жауапты басқармадағылар әзірге жаңасын сала ма, әлде жөндей ме ол жағын өздері де білмейцді. Сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамаға жолдапты. Соның нәтижесімен бір шешімге келуі тиіс. Ал 7 мыңға жуық халықтың кәдесіне жарап тұрған Қарғалыдағы аспалы көпірдің мәселесі биыл жа шешілмейтін сыңайлы.  

Мұрат ТІЛЕУІМБЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Техника, экономикалық негіздемесін жасау, жоба-сметалық құжаттарын жасау, бұның барлығы бір жылдың уақытында бітетін жұмыстар. Біз келесі жылға осы шаруалар біткен уақытта, келесі жылға республикадан қаржы сұрайтын боламыз қаржы алынған жағдайда келесі жылға бастайтын боламыз.

Облыс аумағында қалқымалы көпір саны жетеу. Олар 30 мыңға жуық тұрғынды аудан орталығымен байланыстырып тұр.

М. Тоқтасынқызы