Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайлық полицей ADAM BOL AWARDS жаһандық сыйлығын тапсыру салтанатына шақырылды

  • AstanaTV
  • 25 ақпан 2021
  • 2443

Қазнеттің қаһарманы. Қостанайлық полицей Алатау бөктерінде өтетін, отандық ADAM BOL AWARDS сыйлығын тапсыру салтанатына шақырту алды. Облыстық полиция департаменті басшылығы бір жылда екі рет ерлік жасаған сақшыны өзгелерге өнеге тұтады. Әлеуметтік желідегі әлеуметтің алғысына кенелген Амантай Байжановпен тілшіміз тілдесті.

Дәл осы бейнежазба, 28 жастағы патрульдік полиция қызметкері Амантай Байжановты танымал етті. Ол  ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боранда адасқан көліктерге жол көрсетіп, екі шақырым жүгіріп өткен. Тіпті ресейлік телеарналарда оның бұл әрекетін көпке үлгі етті. Бірақ қостанайлық полицей өзінің бұл ісін ерлікке баламайды. Өйткені адамгершілік қасиет кез-келген адамның бойында болуы тиіс дейді.  

Амантай БАЙЖАНОВ, ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ:


Әлгі видео әлеуметтік желіде тез тарап кетеді деп ойламаппын. Барлығы мені қаһарман деп жазып жатыр. Бірақ өзімді қарапайым полиция қызметкерімін деп есептеймін. Менің орнымда басқа біреу болғанда, ол да дәл сондай шешім қабылдар еді.

Лейтенант Байжанов патрульдік полицияға былтыр ғана ауысқан. Оған дейін 6 жыл арнайы күзет қызметінде жұмыс істеген көрінеді. Департаменттің хабарлауынша ол осы бір жылдың ішінде екі рет ерлік жасап, көзге түсіпті.

Ардақ ЫНТЫҚБАЕВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Амантай Байжанов қазіргі Қазақстан полициясының келбеті деп ойлаймын. Осындай ержүрек, жанашыр, қайырымды жігіттердің арқасында біздің полиция биікке көтеріліп отыр. Өткен жылы Амантайтың адамдарды өрттен құтқарған және биыл міне қатты боранда жаяу жүріп жол көрсеткені бәрі біздің жас қызметкерлерге өнеге деп білемін.


Былтыр Амантай Байжанов қасындағы серігімен өрт кезінде 15 адам құтқарған. Жалпы қоғамдық тәртіп. Жол ережесін қадағалау. Сақшылардың міндеті осы қос межемен шектелмейді. Олар кез-келген сәтте басын қауіп-қатерге тігіп, басқаларға көмектесуге дайын жүреді. Түздегі 12 сағаттық жұмыстан аман оралуын отбасы тілеп отырады.

Гүлнәр БАЙЖАНОВА,  А.БАЙЖАНОВТЫҢ ЖАРЫ:

Полиция әйелі болу өте қиын. Өйткені біз оны көрмейміз. Үнемі жұмыста. Біз баламен үнемі екеуміз үйдеміз. Оған өзім хабарласып тұрамын.Уайымдаймын. Сұраймын қалайсың деп. Қалай жұмыс ? Өйткені жұмысы қиындау.

28 жастағы полицей қызметіне адал болуды, алдындағы міндетін мүлтіксіз орындауды мақсат етеді. Артынан ерген қос інісі мен 1 жарым жастағы ұлына қорған, әрі үлгі болсам дейді. Былтыр «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталған. Ал биыл оны әріптестері алғысқа ұсынылып отыр. Дейтұрғанмен жас қызметкер бұл қарапайым отбасындағы алған тәрбиемнің жемісі деп біледі.  

З. Санай