Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе облысында газ баллоны жарылып 10 жастағы бала бақилық болды

  • AstanaTV
  • 25 ақпан 2021
  • 3199

Ақтөбе облысында газ баллоны жарылып, 10 жастағы бала бақилық болды. Тағы екі адам ауруханаға түсті. Шымкентте де көгілдір отын апаты тіркеліп, үш адам күйіп қалды. Екі отбасының да баспанасы тұруға жарамсыз күйге түскен. Петропавлдағы жатақханада болған алапат апатты айтып ауыз жиғанша, елдің батысы мен оңтүстігі де газдан зардап шегіп отыр.

Түңгі сағат 12-і шамасында Ақтөбенің Мұғалжар ауданындағы жеке үйде жарылыс болды. Жергілікті тұрғындар қатты дүмпуді естіген. Төтенше жағдай мамандары жарылыс сығымдалған газ баллонынан болды деген болжам жасады.   

Марғұлан АМАНБАЕВ,  АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫ:


Көршілердің айтуынша үй үйесі кешкісін үйіне газ баллонын  алып келген. Ас суды соған әзірлейтін болса керек. Өртті сөндіру кезінде  бөлмеден 50 литрлік екі газ баллоны шығарылды.

Оқыс жағдайдан, үй ішіндегі 10 жастағы бала үйінді астында қалып, қайтыс болды. Үй иесі мен ұлы аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде  жатыр. Дәрігерлер отағысының хәлі ауыр дейді.

Бекболат ІЗБАСАРОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


1968 жылы туған ер адамның жағдайы өте ауыр. Ол 2 және 3 дәрежелі термиялық күйіктер алған.

 
Қазір апат себебін арнайы комиссия анықтау үстінде. Депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері де осында. Қаралы отбасыға жерлеу рәсімін өткізуге жәрдемдесіп, 140 мың тенге бір реттік көмек бермек. Сонымен қатар жергілікті билік зардап шеккендерге баспана әперу жағын қарастырып отыр.  

Нұржауған ҚАЛАУОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Лайықты үйлер қарастырылу үстінде. Ұсыныстар болса сатып әперуге мүмкіндік бар. Ол бюджеттен тыс қаражат.

Айта кетейік, Мұғалжар ауданы әлі күнге газдандырылмаған. Мұндағлар сығымдалған газды тұтынады. Қауіпсіздікті сақтамау салдары өлімге әкеп соғуда. Шенеуніктер бұл ауылға табиғи газ келесі жылы қосылатынын жеткізді. Дегенмен, табиғи газдан да ақау шығып жатыр. Шымкентте кеше кешкісін газ ауа қоспасының жиналғанынан апат болып, бүтін үй жарамсыз күйге түсті.

Аманбек БИСЕНБАЕВ, ШЫМКЕНТ қ. ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Хлопоктың не себепті болғаны туралы қазіргі таңда арнайы құзырлы органдар анықтау үстінде. Біздің байқағанымыз, газ ауа қоспасының жиналғанынан болған тарсыл, хлопок болған.


Үй иесі, оның әйелі мен 19 жастағы қарындасының қолдары мен беттері едәуір күйіп қалған. Белгілі болғанындай, бұл отбасы көгілдір отынды кеше алғаш рет қосыпты. Туыстары табиғи газ кіргізген жеке серіктестікті сотқа беруге бекініп отыр. Өйткені мамандар қосу кезінде төбе көрсетпеген көрінеді.

Сабина СЕРІКҚЫЗЫ, ЗАРДАП ШЕККЕН ОТБАСЫНЫҢ ТУЫСЫ:

Газды частный компания жүргізген. Кеше телефонмен ол кісілер қалай қосылу керек екенін ауызша айтқан. Бірінші ауа шығарып, кішкене күт деген. Содан кейін барып қос деген. Сол моментте осындай жағдай болған.

Мамандар қираған үй алдағы уақытта тұруға жарамайтындықтан оның  сүрілетінін жеткізді. Ал келісім шарт бойынша газды кімдер қосуы керек болғанын арнайы комиссия анықтайтын болады.

А. Төребекқызы