Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысында мал ұрлаған шекарашыларға сот үкім кесті

  • AstanaTV
  • 01 наурыз 2021
  • 2671

Шымкент гарнизонының әскери соты мал ұрлаған қос шекарашыға үкім кесті.  Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 2020 әскери бөліміне тиесілі «Дархан» шекара заставасының 23 жастағы «ефрейторы» 5 жылға сотталды. Ол сондай-ақ әскери шенінен де айрылды. Екінші әскери, «Бауыржан Қонысбаев» шекара қызметінің кіші бақылаушысы, қатардағы жауынгерге де осындай жаза берілді. Ауыл азаматтарының төрт түлігін ұрлау дерегі бойынша жалпы сотта алты адамның тағдыры қаралды. Оның төртеуі жергілікті жұмыссыз тұрғын. Істі қараған судья Жәмиля Төленова сотталғандардың бұрын сотты болмағанын, жәбірленуші тараптың кешірім бергенін және материалдық шығындары өндірілгенін ескере келе, алтауына да шартты жаза тағайындады. Төленова сонымен қоса жазаны жеңілдетуге біршама жәйттің негіз болғанын дәйек қылды.

Жамиля ТӨЛЕНОВА, ШЫМКЕНТ ГАРНИЗОНЫ ӘСКЕРИ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
 
Қылмыс жасаған сотталушылар алтауы топ болып бірден ұрлыққа түспеген. Екеуара, үшеуара, жалғыз болып барған. Жәбірленушілер соттан осы сотталушылардың бас бостандығынан айырмау жазасын сұрауын ескеріп,  Қылмыстық кодекстің 63-ші бабын қолданып, бас бостандығынан айырудың...барлық тағайындалған мерзіміне пробациялық бақылау белгілей отырып, шартты жаза тағайындауға жатады деп сот тапты.   

Сотталғандар бірден сот залынан босатылды. Олар үкіммен келісетіндерін жеткізді. Прокурордың дерегінше, әскерилер бұл қылмысқа былтыр шілдеден бері қатысып келген. Еске салайық, жаза арқалағандардың барлығы Келес ауданының тұрғындары. Олар сол төңіректің төрт түлігін қолды етіп келген. Алдын ала сөз байласқандар жайылымнан бөлек қорадағы малға да ауыз салыпты. Жәбірленушілерге 3 млн теңгеден астам шығын келгені дәлелденген болатын.

А. Төребекқызы