Русский Сайттың толық нұсқасы

«Қордай» шекара бекетінің өткізу мүмкіндігі артады

  • AstanaTV
  • 02 наурыз 2021
  • 1801

Қазақ қырғыз елін жалғап тұрған - «Қордай» шекара бекетінің өткізу мүмкіндігі артады. Яғни қос ел азаматтарының барыс-келісі мен алыс-берісі жақсарады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Президенті Садыр Жапаровтың кездесуінде белгілі болды. Сондай-ақ шекара маңында тауарды рәсімдеп, өңдейтін сауда-логистикалық орталық құру жоспарланып отыр. Осылайша саяси, экономикалық қарым-қатынас жаңа деңгейге өтпек. Айта кетсек, Қазақстан бауырлас елдің ең ірі сауда серіктестерінің бірі және инвесторларының қатарында. Соңғы 15 жылда қырғыз елінің экономикасына 1 миллиард доллардан астам қаржы құйылған.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Шекара бекетінің жабдықтары жаңартылды. 8 жолақты автожол салдық. Бұл жұмыс өз жалғасын табады. Паспорттық-бақылау режимін жетілдірдік. Мұның барлығы екі ел арасындағы жолаушылар мен көліктердің санын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан бұл нысанды жақын арада ашуға дайын. Келісім бойынша, қырғыз тарапы да тиісті жұмысты тез арада аяқтайтын болды.


Тараптар бүгін Қазақстан Үкіметі мен Қырғыз Үкіметінің арасындағы қайтарымсыз әскери-техникалық көмек көрсету секілді жалпы 8 келісімге қол қойды. Олардың арасында саяси-экономикалық қарым-қатынастан бөлек ұлттық спорт түрлері мен халық ойындарын дамыту туралы ведомствоаралық келісім де бар.

Садыр ЖАПАРОВ, ҚЫРҒЫЗСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінгі келіссөздер дәстүр бойынша мемлекеттеріміз арасындағы өзара қарым-қатынастарды сипаттайтын одақтастық байланыстар мен стратегиялық серіктестік рухында өтуде. Шағын форматта өткен кездесуде біз Қасым-Жомарт Кемелұлымен екіжақты ынтымақтастық пен өңірлік және халықаралық ұйымдар аясындағы елдеріміздің өзара іс-қимылының бірқатар маңызды мәселелерін қозғадық. Екі ел арасында ешқандай саяси қайшылық жоқ екенін мәлімдеймін.

Ә. Өмірзақ