Русский Сайттың толық нұсқасы

Елде жол-көлік оқиғалары жиіліген

  • AstanaTV
  • 10 наурыз 2021
  • 1893

Елордада тәулік ішінде 80 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам зардап шеккен. Оған себеп ауа-райының қолайсыздығы. Айта кетейік, елде қыстың қахары қайтар емес. Республиканың он төрт өңірінде дауылды ескерту жарияланды.Бұл жағдай елдегі  маңызды автожолдар мен әуе рейстрінде қиындықтар туындатып отыр. Толығырақ  әріптесім Бекболат Сатуовтың материалында.

Бас қалада бүгін таңмен жаңбыр жауып, арты қарға ұласты. Жел күшейді. Дабылды ескерту жарияланды. Әуежайда рейстер кешіктіріліп, бастауыш сыныптардың сабағы тоқтады. Көктайғақтан жол көлік оқиғалары жиіледі.

Досжан ҚАЗИЕВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ ПД ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ ПОЛКІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:


Көк тайғақ пен қардың түсуіне байланысты елорда жүргізушілерін жолда жүру ережелерін қатаң сақтап, жолда сақ болуды сұраймыз.Өткен тәулікте, елордада 80 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның ішінде 1 адам  жарақат алды.


Өткен екі айда бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында 6 мыңнан астам жол көлік оқиғасы тіркелген. Соның 49-ы көлікті ішімдік ішіп басқарыпты. 3 азамат көз жұмған. Республика бойынша да жағдай көңіл көншітпейді. Былтыр көлік апатынан қайтыс болғандардың саны, короновирус құрбандарымен бірдей көрінеді. Мұны бүгін мәжілісмен Сергей Решетников айтты.

Сергей РЕШЕТНИКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
 
Тек осы жылдың басында бірнеше жол-көлік оқиғасы болды. Оның ішінде кісі өлімімен аяқталғандары бар. 2020 жылдың 12 айында жол апатынан 1 997 адам қаза тапты, оның ішінде 184-і кәмелет жасына толмаған балалар. Бұл цифрлар, короновирустан қайтқан адамдардың санымен бірдей.

Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады. Кей аймақтарда қыс дес берер емес. Батыс Қазақстан облысында боранның салдарынан 350-ге жуық көлік жолда қалды. Облыстың төтенше жағдайлар департаментінен хабарлағандай, оқыс оқиға Шыңғырлау ауданы аумағында болған.

Қайрат АМАНГЕЛДИНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРЛІГІ ДАҒДАРЫС ЖАҒДАЙЛАРЫНДА БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ КЕЗЕКШІ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Ауа райы нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар автожолдардағы 10 учаскілерінде, облыстық маңызы бар 5 өңірде 45 учаске жабылып жатыр. Сонымен қатар бекеттерде шамамен 1663 бірлік техника, оның ішінде 1510 жүк техника, 150 бірлік жеңіл техника, тәулікте 125 адам құтқарылды, оның ішінде 61 бірлік техника шығарылды.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Синоптиктердің хабарлауынша, елде алдағы үш күнде де қолайсыз ауа райы сақталады. Сондықтан мамандар алыс жолға шықпауға кеңес береді.  

Б. Сатуов