Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандықтардың коронавируспен өмір сүріп жатқанына 1 жыл

  • AstanaTV
  • 10 наурыз 2021
  • 2024

Қазақстандықтардың коронавируспен өмір сүріп жатқанына 1 жыл. Былтыр дәл осы күні бұрынғы бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин, елде пандемияның қашан басталатынын айтып еді. Болжам айна қатесіз орындалды. Осы аралықта республиканың денсаулық сақтау жүйесінде де біршама өзгерістер болды. Сондай-ақ пандемия халық санының өсуіне әсерін тигізіпті. Демографияның өсуімен қатар, қайтыс болғандардың саны көбейген. 2020 жылы 162 мыңнан аса адам көз жұмыпты. Тақырыпты әріптесім Асылбек Данияр жалғастырады.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Өткен жылы Қазақстан туу көрсеткіші бойынша 1987 жылғы рекордтық көрсеткішін жаңартты. Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша, былтыр 425 мыңнан астам сәби дүние есігін ашқан. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 5,6 пайызға артық.

Дегенмен, 16 наурызда жарияланған төтенше жағдай кейбір аналардың босануына өз кедергісін келтірген. Солардың бірі, Түркістан облысының тұрғыны Роза Құрбанқызы. Көпбалалы ананың денсаулық жағдайына байланысты, дәрігерлер Шымкентке барып босануға кеңес берген екен.  

Роза ҚҰРБАНҚЫЗЫ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тура сол уақытта төтенше жағдай жарияланып, блок-посттар қойылып жатқан болатын. Менде аздап жөтел бар еді.  Дәрігерлер меннен қорқып ПЦР анализін алды. Анализдің қорытындысы шыққанша баламды қолыма берген жоқ. Қазір ұлымда өзімде жақсымын. Жақында Құдай қаласа балам бір жасқа толады.

Коронавирус инфекциясы барлық өңірді аяғынан тіктұрғызды. Былтырдан бері 220 мыңнан астам адам осы індетті жұқтырған. Оның 203 мыңы жазылып шықты. Өкінішке қарай, 2821 науқас көз жұмды. Дегенмен қазір індет жұқтырған науқастар едәуір азайған. Ауруханаға күніне орта есеппен 10-20 адамнан түседі. Олардың басым бөлігі егде жастағылар көрінеді.

Гүлраушан САПАРБЕК, КӨПБЕЙІНДІ МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ИНФЕКЦИОНИСТ-ДӘРІГЕРІ:

Қазіргі таңда он-он бір адам, бүгін 11 науқас жатыр. Жалпы ауруханада 250 төсек-орын болса, соның жартысында күнделікті 120-140 адамға дейін жатыр. Жатқан науқастардың 20 пайызы ауыр науқастар.
 
Бүгін Нұр-Сұлтан мен Алматы "қызыл" аймаққа енді. Артынша Алматыда карантин күшейтілді. Ал, елордаДА әзірге шектеу шараларын енгізу жоспарда жоғын жеткізді.

Сархат БЕЙСЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. БАС МЕМЛЕКЕТТІК САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:

Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 5 наурыздағы №10 қаулысына сәйкес, қала 5 күн ішінде "қызыл" аймақта болса қатаңдату шаралары енгізіледі.  

Енді тура бір жыл бұрын, дәл осы күні тарихқа енген сәтті еске түсірсек.  
 
Жандарбек БЕКШИН, АЛМАТЫ қ. БАС МЕМЛЕКЕТТІК САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ (10.03.2020 ж.):

По нашему прогнозу, где-то с 11-16 марта у нас может всё же наконец-то появиться коронавирус в стране.

Бұл видеоны көрмеген адам жоқ шығар. Бұрынғы бас санитарлық дәрігердің болжамы ел арасында да тез тарап кеткен еді. Бекшиннің осы болжамы дөп келгендей, арадан екі күн өткеннен соң 13 наурызда алғашқы жағдай тіркелді. Бұл болжам рас па, әлде сәйкестік пе бәрімізге беймәлім. Осы ақпараттан соң Жандарбек мырза ыстық орнын босатып, Алматының бас санитарлық дәрігері қызметіне кетті.

Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЭКС-МИНИСТРІ (13.03.2020ж.):

Бүгінгі ақпарат, бірнеше рет тексергеннен кейін 2 қазақстандық азаматтан коронавиурстық инфекция табылды.

Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртановта коронавирусқа қарсы күресте алдыңғы шепте жүрді.  Бірақ 25 маусым күні Мемлекет басшысының Жарлығымен ол қызметінен босатылды. Артынша, 31 қазанда бұрынғы шенеунік тұтқындалды. Қаржы министрлігі аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Содан бері үй қамақта отыр. Сондай-ақ, сол кездегі министрліктің бірқатар ірі қызметкерлері істі болып жатыр.

А. Данияр