Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавл әуежайының жұмысшылары үш айдан бері жалақы ала алмай келеді

  • AstanaTV
  • 10 наурыз 2021
  • 1898

Петропавл әуежайының жұмысшылары үш айдан бері жалақы ала алмай келеді. Бүгінде әуе вокзалының, қызметкерлері алдындағы берешегі 16 миллион теңгеден асады. Желтоқсаннан бастап еңбекақыға қол жеткізе алмаған мамандардың бірсыпырасы енді жұмыстан кетуге бекініп отыр. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин мәселеге үңіліп көрді.

Ирина Евсеева әлемді жаулаған пандемияға дейін тойды безендіру саласында қызмет еткен. Кәсібі тоқтаған соң, жұмыссыз қалды. Екі қолға бір күрек табу үшін былтыр Петропавл әуежайына тексеру инспекторы болып жұмысқа орналасыпты. Алайда, жалақыдан тарығып, мезі болған.  

Ирина ЕВСЕЕВА, «ПЕТРОПАВЛ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ» АҚ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Мен жұмысқа орналасқаннан кейін алғашқы жалақымды тек 5 айдан кейін бірақ алдым. Кейін үзіп-үзіп берді. Енді 2020 жылдың желтоқсанынан бері еңбекақыдан мүлдем қағылдық. Маған 150 мың теңгенің 25 мыңын ғана өтеді. Мен тағы үш әріптесіммен бірлесіп, жұмыстан кету жөнінде арыз жаздым. Бұлай өмір сүру мүмкін емес.

Бүгінде Петропавл әуежайында 87 адам қызмет етіп жатыр. Кәсіпорынның жұмысшылар алдындағы берешегі 16 миллион теңгенің маңайында. Мекеме жетекшісі қаржылық қысылтаяңды рейстердің тапшылығымен түсіндіреді. Айтуынша, әуе вокзалының еңбекақы түгілі, ұшып-қону жолағын қардан тазалайтын техника сатып ала алмай отыр.  

Мәди МАЖИТОВ, «ПЕТРОПАВЛ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ» АҚ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Біздің шығынымыз табыстан қарағанда әлдеқайда жоғары. Қазір аптасына ұшақ төрт рет қана ұшады. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына екі мәртеден. Оның өзінде техникалық ақауларға байланысты Алматыға рейстер бір ай бұрын тоқтатылды. Қазір Үкіметте рейстердің санын үш есе арттыру мәселесі қарастырылып жатыр. Яғни, Нұр-Сұлтанға күн сайын, ал Алматы мен Шымкентке аптасына бес рет ұшақтар ұшпақ. Бұл мәселе екі-үш айдың көлемінде шешілмек.

Жалпы, Петропавл халықаралық әуежайы өткен жылдың 28 желтоқсанында соттың шешімімен банкрот болып жарияланған. Коммуналдық және басқа да қызметтер үшін әуе вокзалының 145 миллион теңге берешегі қалды. Бүгінде қарызға белшеден батқан кәсіпорыннан заңды тұлғалар сот арқылы міндеттемені орындауды талап етіп отыр.

Камал ГУСЕЙНОВ, «ПЕТРОПАВЛ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ» АҚ БАНКРОТТЫҚ БАСҚАРУШЫСЫ:

Қарызын өтеуді талап етіп жатқан кредиторлардың арасында Севказэнерго, Нұрсұлтандағы халықаралық әуежай және тағы басқа компаниялар бар. Реестрге барлығы 10 заңды тұлға кірген. Қазір әуежайдың мүлкі бағалануда. Сараптама қорытындысы дайын болған соң, бұл мүлік сатылымға шығарылады. Бірақ кредиторлардың ортақ келісіміне сәйкес мүлікті сатпай, қарызды бірте-бірте қайтару мүмкіндігі бар.

Петропавл әуежайы банкрот болғанымен, заңға сәйкес олар қызметін жалғастыруға құқылы. Қазір аталған кәсіпорын облыстық әкімдіктің меншігіне өтуде. Демек, әуе вокзалын сақтап қалу үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлінуі мүмкін.

А. Құрманкин