Русский Сайттың толық нұсқасы

Министрліктер мемлекет қаражатын игере алмай отыр

  • AstanaTV
  • 11 наурыз 2021
  • 2135

Бюджет қаражатын игере алмаған министрліктердің рейтингі шықты. Бүгін Үкімет қабырғасында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев алғашқы екі айда 25 млрд теңге жұмсалмай қалғанын мәлімдеді. Антирейтингтің көшін Қорғаныс, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау, Денсаулық сақтау, Әдiлет пен Мәдениет және спорт министрлігі бастап тұр. Бұл тенденция неге жыл сайын қайталанады? Бөлінген қаражаты игере алмағандарға қандай жауапкершілік қарастырылған? Әлішер Өмірзақ тақырыпты тарқатады.

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Елде қаңтар, ақпан айларында республикалық бюджеттен 2 жарым трлн теңге жұмсалды. Бұл сомма 25 млрд теңгеге көп болуы қажет еді. Ауада қалқып қалған қаражаттың 13 млрды үнемделгені болса, қалғаны игерілмей қалған.

Ерұлан ЖАМАУБАЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:


Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді ұзақ уақыт өткізу және уақтылы өткізбеу, төлем жөніндегі құжаттарды ұзақ келісу, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, +шарттар мен қосымша келісімдерді қазынашылық органдарына тіркеуге кеш ұсыну.

Уақытында игере алмаған министрліктердің антирейтингі де жария болды. Қорғаныс, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау, Денсаулық сақтау, Әдiлет пен Мәдениет және спорт министрлігі тұр. + Ал өңірлер арасында - Маңғыстау облысы, Нұр-Сұлтан қаласы, Түркістан, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстары бар.

Ерұлан ЖАМАУБАЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

Ағымдағы жылы өңірлерге 1,9 трлн. теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 наурызға дейін 211 млрд. теңге бөлінген. Оның 95,1%-і игерілген. Атқарылмағаны – 10 млрд. теңге, оның ішінде 1 млрд. теңге – үнемдеу, 9 млрд. теңге игерілмеді.

Бұған қатысты экономист Арман Байғановтың пайымы бар. Ол өкілетті органның тиісті сомадан көп жаратып қойып, заң алдында жауапты болып қаламын ба деген қорқынышы, қаражаттың игерілмеуіне себеп дейді. Сондықтан қазіргі қаржыны игеру жүйесін өзгертпей, бұл жағдай өзгермейді деген пікірде.

Арман БАЙҒАНОВ, ЭКОНОМИСТ:

Қаражаттың игерілмеуі, ол қарапайым халыққа соққы болады. Яғни мектеп құрылысына деп бөлінген қаражат мектеп салуға жұмсалмаса, сол білім ордасына иек артқан ата-анаға, балаға зияны тиеді. Ал билік өкілдері, мәселен әкімдікке көп жаратып қойғаннан аз жаратқан қауіпсіздеу ғой. Бұл проблеманы шешу үшін әкімдіктен бөлінген қаражатты алып, орындаушыға бөліп беріп, жұмсалуын қадағалап отыратын тәуелсіз орган қажет. Осылай біз қорқынышты да, коррупцияны да жеңе аламыз.


Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:


Бүгінде заңда қарастырылған нормаға сәйкес, қаражатты игере алмаған шенді, 300 мың теңгеге жуық айыппұл төлейді. Дегенмен бұл жауапкершілік жылдағы тенденцияны жоя ала ма? 2017 жылы Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев Мемлекеттік бағдарлама бойынша қаражатты игере алмаған шенеуніктерді түрмеге отырғызу керек деген бастаманы көтерген еді. Біра ол әлі қолдау таппады.  


Ә. Өмірзақ