Русский Сайттың толық нұсқасы

Әзірбайжандық компания ақтөбелік кәсіпкерлерді тақырға отырғызып кетті

  • AstanaTV
  • 12 наурыз 2021
  • 2104

Ақтөбелік ондаған кәсіпкер алданып қалғаны ма?  Олар «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» халықаралық тас жолының учаскесін жөндеу кезінде, мердігер компанияға техникаларын жалға берген. Бірақ соңғы 2 жылда ешқандай ақы алмаған. Қазіргі кезде Әзірбайжандық компания басшыларының берешегі миллиард теңгеден асыпты. Ал жергілікті билік қаржылық мәселелерді шешуде қауқарсыздық танытқан. Тараптарды тыңдап қайтқан әріптесім тарқатады.

Бүгін жергілікті кәсіпкерлер облыс әкімдігіне алдына жиналды. 4 жыл бұрын олар Ақтөбе және Атырау облыстарының шекарасындағы жол учаскесін жөндеген компаниямен ортақ келісім жасасқан. Мердігер 35 кәсіпкерден ауыр техника жалға алған. Алғашқы уақытта уақытылы ақша алып тұрдық, - дейді жәбірленушілер. Бірақ 2019 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін бір тиын да ала алмай келе жатқандарына шағым айтты.   

Бақтыбай РАХМЕТҰЛЫ, КӘСІПКЕР:

"СПИК-Аккорд" компаниясымен шарт жасасып, техниканы жалға бердім. Сол компания берешегін әлі бере алмай отыр. 400 мыңдай қарыз. Техникалардың налогын да төлей алмай отырмын. Пенсияға да бір жыл қалды шығуыма.  


Еркін ЕСҚАЗЫ, КӘСІПКЕР:

2019 жылдың қыркүйегінен бастап "СПИК-аккордтан" ақша ала алмаймын. Олар бізге 40 миллионнан астам қарыз. Бұған дейін бұл мәселені облыстық және аудандық әкімдермен талқылаған болатын. 28 ақпанда компания қарыздың жартысын төлеп береміз сосын толық құтыламыз деп еді. Әлі күтіп жүрміз.

Жауаптылар 40 шақырым жолды қайта жөндеу үшін тендер өткізген. Ол Әзірбайжаннан келген компанияға бұйырған. Шарт бойынша 8 миллиард теңге қарастырылған, мердігерге 7 миллиардтан астамы төленген. Келісім бойынша мердігер жұмысты өткен жылдың күзінде аяқтауы керек еді. Алайда жұмыстың 20% – ы әлі күнге орындалмай отыр. Қазір бұл учаскедегі жұмыстар тоқтап тұр.

Марат МАХАМБЕТОВ, "ҚАЗАВТОЖОЛ" ҰК АҚ АҚТӨБЕ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:


Біз оларға атқарылған жұмыстарды қабылдау актісі бойынша төлейміз. 2019 жылы мәселе туындады, ақша жетіспеді. Бірақ біз жасалмаған жұмыс үшін ақша төлемейміз. Жалпы қарыз - 1 миллиард тенгеден асады.  Техниканы жалға берушілер және құрылыс материалдарын жеткізушілер алдында да қарыздар өтелмеген.


Облыс әкімінің орынбасары бизнесмендердің өтініштерін тыңдады. Бірақ дауды жергілікті деңгейде шешу мүмкін емес деп отыр. Себебі, мәміле тікелей жол комитеті мен мердігер арасында жүзеге асырылған.  Дегенмен атқамінерлер жәбірленушілерге қолұшын созуға ниетті.
 
Нұржауған ҚАЛАУОВ,  АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Азаматтар еңбек инспекциясына өтініш беруі керек, олар жауап беруге міндетті. Мұнда Тапсырыс беруші-комитет, мердігер жергілікті емес. Бұл жағдайда біз тек еңбек инспекциясы мен жол ұйымдарын қосып, мәселені шеше аламыз.


Ал шетелдік компания мәселеге қатысты ешқандай жауап беруге құлық танытпады. Бірнеше кәсіпкер мердігерді сотқа берді. Бірақ нәтиже оң шешілсе де, олардан ақша алу екіталай деп отыр. Себебі іс жүзінде компанияға тиесілі ешқандай мүлік жоқ дейді.  

Ғ. Өтемісов