Русский Сайттың толық нұсқасы

Әлеуметтік кәсіпкерлік деген не?

  • AstanaTV
  • 16 сәуір 2016
  • 5080

Денсаулығында кілтипан болса да, жұмыс істей алатын  жандар біреулер сияқты  «аспанға қарап, жұлдыз санамайды»: мысалы, олардың қолынан шыққан түрлі зат, бұйымдар міне, мына ойыншықтар тәрізді – «ми-ми» дейтін елжіреген күйге түсіреді.

Ал мүмкіндігі шектеулілердің басын қосып, жұмыс беріп отырғандардың ойлағаны бірінші кезекте коммерциялық пайда емес. Олар классикалық кәсіпкерге қарағанда басқашалау ойлайтын, жүрек пен ми «текетіресінде» жүректі тыңдайтын, жоспары жанталас тіршілікпен жарысқа құрылмаған адамдар сияқты көрінеді.

Ал кәсіпкерлік пен қайырымдылық ұштасқан жер – әлеуметтік кәсіпкерлік туралы біздің елімізде заң жоқ.

Әлеуметтік кәсіпкерлерді Құралай Пионер тыңдаған. Негізі тиісті министрлік тыңдауы керек.

Қайырымдылық пен коммерция - бұл этимологиясы жағынан ұғымдары  алшақ сөздер. Тіл теориясына салсақ, солай. Бірақ бүгінде «әлеуметтік кәсіпкерлік» деген сөз тіркесінің қолданысқа енгені бар. Ал ол...

Социальное предпринимательство – это коммерческий проект и благотворительность. Когда идет благотворительность и бизнес на одном стыке.

Эмин Әскеров қайырымдылық пен коммерция хақында жас болса да көпті білетін жігіт. Сөйтіп, білгенін іске жаратып жүрген жайы бар. Мәселен, былтыр оның жетекшілігімен Астанада мына шеберхана ашылған. Тал шыбығынан түрлі себеттер мен ыдыстар тоқылады. Әрине, бәрі де сатылым үшін. Бұйымдарға қарап, сену қиын, бірақ оларды жасаған зағип жандар.

Эмин Әскеров, жоба жетекшісі:

Қазір 9 адам еңбек етеді. Түрлі топтағы мүгедектер. Бізде әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс бере отырып, табыс табу. Мемлекетке де тиімді.

«Green TAL» шеберханасы, әзірге жоба құнын ақтай қойған жоқ. Десе де өнімдері сұранысқа ие. Қолына тікенек кірсе де, шыдап, бұйымды аса ыждаһаттылықпен жасап отырған еңбеккерлердің айлығын айыруға жетіп тұр.

Бұл «арнайы корзина» деп аталады. Тойбастарға арнап жасаудамыз.

28 жастағы Фархат шеберханаға 6 ай бұрын келген. Содан бері  той дастарханына арнап талай себетті жасап тастаған. Қолы да жаттығып қалды біраз. Жігіт әйтеуір төрт қабырғаға қамалып, үйде отырмағанына қуанады.

Фархат Хасенұлы, шеберхана қызметкері:

Қолымның бос болғанын ұнатпаймын. Өзім үйде отырып-отырып, шаршап кеткендіктен келдім. Жұмыс болғаннан кейін, қиын да, оңай жақтары да болады.

Қостанай облысынан бір мүгедек осы тоқыманы берді. Біз бұны сатамыз, сосын пошта арқылы жібереді. Сосын пошта арқылы ақшасын жіберіп тұрамын.

Мәриям Лұқпанқызы да әлеуметтік кәсіптің тізгінін ұстап, есту қабілеті төмен қыз-келіншектерді еңбекпен қамтып отырған жан. «Үнсіз әлем» қоғамдық қорының қолдауымен 7 жыл бұрын ашылған цехта бүгінде тігінші саны 40-қа жеткен. Киімнен бөлек, мұнда ойыншық, сый-кәде тауарлары да жасалады. Бірақ қанша еңбектенсе де тапқан табысы ғимаратты меншіктеуге үнемделер емес.

Мәриям Лұқпанқызы, шеберхана жетекшісі:

Осы ғимаратты бізден алып қояма деген ой бар. Олар бізге аукцион бойынша сатып алыңдар дейді. Бізде ондай жағдай жоқ. Сондықтан әкімшіліктің алдына қойыған сұрағымыз – мораторий берсін бізге.

Мұндағы тігіншілерді қапаландыратын тағы бір жайт, ол мемлекеттік тапсырыстың жоқтығы. Тендерге де өтініш беріп, талай талпыныс жасалған. Бірақ ілінер емес. Әйтпесе, цех ұжымы «ЭКСПО» көрмесіне қатысып, қазақ өнерін паш етуге әзір. Жасалған бұйымдардың оған сапасы да кепіл. Қуыршақтар шынында да әдемі-ақ! 

Мәриям Лұқпанқызы, шеберхана жетекшісі:

Екі-үш затымызды іліп алып, соған бізге мыңдаған тапсырыс берсе, мен осы жұмысшыларыма жалақысын көтерер едім.

Үшінші кейіпкеріміз – Әсел  Есмағанбетова, «Балам-ай» қоғамдық қорының директоры. 5 жыл бұрын ол Астана іргесіндегі Заречный ауылында ментальді ауықуы бар балалар мен жеткіншектерді еңбекке баулитын орталықты іске қосқан. Енді «Көңілді фермер» атты жобаны бастап отыр. Мақсаты - психо-неврологиялық дертке шалдыққан адамдардың да еңбекке жарамды екенін көрсету.

Әсел Есмағанбетова, «Балам-ай» қоғамдық қорының директоры:

Бұл жобаға агротерапия және бөдене құсын өсіру ісін кіргіздік. Оның жұмыртқасын сатамыз. Ментальді ауытқуы бар адамдардан көбі қорқады. Сөйтіп, бұларды ешкім де жұмысқа тартпайды.

Әсел де орталықтың жеке ғимараты жоқтығынан қиындық көріп отыр. Әзірге, уақытша жеке сектордағы мына үйде жайғасқан. «Оның да тиімді тұсы бар» деп, жабырқамайды. Бүгін барлығы бақша егуге кірісіп кетті. Күзде өнімі саудаланады.

Здесь кинза, укроп и батут.

Бір қызығы, «әлеуметтік кәсіпкерлік» деген түсінік болғанымен, бұл жеке сала немесе жоба ретінде ресми қаралмайды. Ал мемлекет ары кетсе, қоғамдық жұмыспен қамту бағдарламасы аясында еңбеккер жалақысының 30 пайызын ғана төлеп, көмек береді. Онда да 12 айға ғана. Ғимарат жалдау, тапсырыс алу мәселесі кәсіпкердің өз әуресіне қалдырылған.

Эмин Әскер, әлеуметтік кәсіпкер:

Бізде әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң жоқ. Және нақты түсінік те қалыптаспаған. Сондықтан біз әлеуметтік кәсіпкерлер бірлестігін құрмаққа ниеттеніп отырмыз.

Әсел Есмағанбетова, «Балам-ай» қоғамдық қорының директоры:

Бірлестік әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік берер еді. Себебі біздің көздегеніміз – коммерциялық пайда емес, мүгедек жандарды қолдау. Сосын бұл жоба Үкіметтің өзіне де тиімді емес пе? Қаншама адам жұмыспен қамтылады.

Бірақ әлеуметтік кәсіпкерлікке қатысты жеке заң қажет емес,- дейді шенеуніктер.

Олжас Омар, Астана қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығы» КММ директоры:

Ұсыныс әрине жақсы. Бірақ ол ұсыныстар әрбір бағдарламада бар. Егер оларды жинақтап, қарап дұрыстап отырса, мемлекет тарапынан көп көмек көрсетіліп жатыр ғой. Мысалы, жыл басынан бері бізге 250-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азаматтар келген. Өтініш жасап. 66 адамды тұрақты жұмысқа орналастырдық.

Жұмысқа орналастыру бар дегенімен, оның жабылып қалмай жұмыс істеуі екіталай емес пе?

 Бейнеқыстырма: Оралдан сандық жасап жатқан...

Жалға беруге ақшамызда қалмай қалды.

Елімізде 600 мыңнан астам мүгедек жан ресми тіркеуде екен. Бірақ соның тек 30 пайызға жуығы ғана жұмыспен қамтылған. Онда да «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы аясында ұсынылған уақытша жұмыстар. Ал 2015 жылы мүгедектерге жұмыс берген кәсіпкерлерге 7,6 млрд. теңгеге субсидия беруге ұйғарым шығарылыпты. Бірақ ол 2018-2020 жылдарға қарай іске асады деседі. Оған дейін шенеуніктер «әлеуметтік кәсіпкерлік» дегеннің не екенін түсініп қалар. Өйткені, Эмин, Мәриям және Әсел сияқты сауапты іспен айналысып жүргендердің әрекетін тексеретіндер көп. Мысалы, құзырлы орынның күдігі күшті. Мүгедектер арқасында «бұл кісілер қыруар ақша тауып жүр»,- деп сескенетін сияқты.

Құралай Пионер, Бағлан Жанғози, Еркін Қарин, «Біздің уақыт».