Русский Сайттың толық нұсқасы

Елдегі өндіріс ошақтарында өлім-жітім 15 пайызға көбейген

  • AstanaTV
  • 17 наурыз 2021
  • 2032

Елде өндірістегі өлім жағдайы көбейген. Өткен жылдың өзінде бұл көрсеткіш 15 пайызға артыпты. Депутаттар апатты жағдайдың өріс алуынан шошынып отыр. Олар жұмыс орнында опат болған азаматтың отбасына бір реттік төлемді қайта енгізуді ұсынды. Егер, құжат қабылданса, отбасы мүшелеріне 10 жылдық жалақы мөлшерінде өтемақы төленбек. Мәжілісте мәлім болған мәнді ақпараттар келесі материалда.  

Осыдан бір апта бұрын Теміртаудағы «АрселорМиттал» зауытында бөшке жанып кетіп, екі жұмысшы ауыр жарақат алды. Тіпті зардап шеккендердің бірінің денесі толықтай күйіп қалған. Ақ халаттылар қанша жанталасса да, науқастың өмірін сақтай алмапты.

Манас ӘМІРОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫНЫҢ ТРАВМАТОЛОГ-ОРТОПЕД ДӘРІГЕРІ:

Науқастың өте ауыр күйіктік шок, 90 пайыз денесін күйік шалған.  Жарақатты 11 наурызда өндіріс орнында алған. Барлық жасалған шараларға қарамастан, науқас қайтыс болды.

Ал зауыт басшылығы болса, бұл апатқа қатысты ақпарат беруден бас тартты. Тек әлеуметтік желіде зардап шеккендердің отбасына материалдық көмек көрсететіндерін хабарлаумен шектелді. Бұл тек бір өндірстегі жағдай, мұндай апаттар елдің түкпір-түкпірінде қайталанып жүр. Осыны айтқан мәжілісмендер дабыл қақты. Депутат Альберт Раудың айтуынша, комбинаттағы төтенше жағдай айына бірнеше рет қайталанатын көрінеді. Соңғы 5 жылда онда 25-тен астам апат тіркелген. Үкіметке осындай түйіткілдердің алдын алу үшін нақты шешім қабылдайтын кез жетті, -деді депутат.

Альберт РАУ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "NUR OTAN" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:


Үкіметтен "АрселорМиттал Теміртау" АҚ өндірістік кешеніне мемлекеттік техникалық аудит жүргізуді сұраймын. Және жүргізілген аудит негізінде комбинаттың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін инвестициялардың қажетті көлемін анықтау керек. Сондай-ақ қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша кәсіпорын басшылығына пәрменді шаралар қолдануын сұраймын.

Елдегі кәсіпорындарда өткен жылы өлім саны 15 пайызға артыпты. Екі жүзден астам адам жұмыстан үйге оралмаған. Бір жарым мыңнан астам адам зардап шекті. Мәжілісмен Ерлан Сайыров немқұрайды жұмыс берушілерді жазалау тәжірибесін қайтаратын кез келді деп есептейді.

Ерлан САЙЫРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "NUR OTAN" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:


Бүгінде кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі шараларын күшейту үшін экономикалық ынталандыру жоқ. Сондықтан, бұл салада формальдылық бар, бұл тікелей өлімге әкеледі. Бейбіт күндегі бейберекетсіздікке тоқтау салу қажет.


Иә, өзгеріс қажеттігі даусыз. Депутаттар ұсынысы Үкіметке жолданды. Ал нақты шешім қашан қабылданары әзірге белгісіз. Бір анығы, материалдық көмек қанша көрсетілгенімен, өнідрістегі қауіпсіздікке мұқият болмай мәселе шешілмесі анық.

Ғ. Өтемісов