Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысындағы ауруханалар мен мектептердің күні генераторға қарап қалған

  • AstanaTV
  • 18 наурыз 2021
  • 2740

Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы әлеуметтік нысандардың күні генераторға қарап қалған. Өйткені елдімекенге өткен демалыс күні соққан боранның салдарынан әлі күнге электр жарығы берілмеген. Бұқараның қараңғылық құшағында отырғанына, бүгін алтыншы тәулікке таяды. Бәйдібектіктердің жағдайын әріптесім Айзада Төребекқызы біліп қайтты.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Демалыс күнгі бораннан ең көп зардап шеккен Бәйдібек ауданы екен. 52 елді-мекеннің 46-сында жарық өшкен. Ауданда екі мыңға тарта мына секілді үлкенді-кішілі бағана құлаған. Қазір мұндағы 35 елді-мекеннің халқы әлі күнге қараңғылық құшағында отыр.

Ауыл – ауылдың арасында кескен теректей сұлаған бағаналардың саны тым көп. Арасы бес-ақ шақырым Ынтымақ пен Бірліктің ортасында көргеніміздің өзі қырыққа жуықтайды. Мамандар жоғары кернеулі желілерді жалғауға апта басында-ақ кірісіпті. Бірақ соған қарамастан жарық әлі берілмеген.  Ауыл ақсақалдары сексен жылда мұндай суықты көрмедік десті. Десе де, аралда қалғандаймыз деп өкпелі.

Махат ЕРІМБЕТОВ, ШАҚПАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Светтің жоқ болғанына 1 апта болды, 1 апта. Свет жоқ. Свеча ма соны жылтыратып қоямыз. Сағат 21:00-ден кейін ұйықтаймыз, азанда тұрамыз әйтеуір жарыққа. Қай уақытта жәрдем береді, қай уақытта келіп істейді?

Қамбарбек БЕКПЕНБЕТОВ, ШАҚПАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Светтің жоқтығынан үйде үй мұздай. Паровоймен істейді. Паровойымыз жарылып жатыр. Соған кеше мотор алып келдік, 100 мыңнан мотор әкеп жатырмыз осы жерде жұрттың бәрі.


Көше бойында салбыраған сым көп. Тіпті үзілген желілер жолда жатыр. Ересектер жағы кішкентайларының қауіпсіздігіне алаңдайды. Тіпті мектепке жібермей отырғандары да бар. Онлайн оқуды да ұмытқандарын айтады. Мотормен тартатындықтан құдықтағы судан да құр қалыпты. Шақпақтықтар тоққа тәуелді талай тірлік сенбіден бері тоқтап қалды деп өкпелі.

Шынбол БАЙШУАҚОВ, ШАҚПАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Одан кейін не сотка ұстамайды үйде. Балаларымызды оқыта алмай отырмыз. Біреуге хабарласайық десек актив те істемейді, я билайн да істемейді. Күн көру қиын боп жатыр мына жерде.

Айтпақшы, ауданда қазір қуат өндіретін генератордың саудасы қызып тұр екен. Бағасы аспандап кеткен. Аудандық әкімдіктегілер тездетіп жарықты қосу үшін жұмыла жұмыс істеп жатырмыз деп ақталды.  Аурухана мен мектептер генератормен күнелтуде.

Бағдатбек ЖАНҒАЗИЕВ, БӘЙДІБЕК АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

35 елді-мекен бойынша жұмыстар жасалынып жатыр. Бізде мынау Боралдай подстансасынан Шаян подстансасына келетін 35 киловаттық жоғары кернеулі электр қуаты бар желісі. Қазіргі таңда сол бойынша жұмыстар жасалып жатыр.

Қазір жарық мәселесін шешуге көршілес аудандардан да көмек жұмылдырылған. Алғашқы кезекте жоғары кернеулі желілер жалғануда. Шенділер мәселенің бұлай созылып кетуіне, маман тапшылығы себеп екенін жеткізді.    

А. Төребекқызы