Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда атасы мен келіні және ұлдары есірткі сатумен айналысқан

  • AstanaTV
  • 19 наурыз 2021
  • 2539

Павлодарда атасы, енесі, келіні және ұлдары есірткі сатумен айналысқан. Олар есірткіні отбасылық бизнеске айналдырып келіпті. Сот қылмыстық топқа үкім кесті. Топ ұйымдастырушысына 18, қалған мүшелеріне 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Топ құрамында бір отбасының 4 мүшесі болған. Яғни, әкесі, 2 баласы, келінімен бірге есірткі сатып күн көрген. Тақырыпты әріптесім Өзгеріс Қуанар біліп келді.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Бір үйдің мүшелерінен құралған қылмыстық топ ұзақ жылдар бойы есірткіні отбасылық кәсіпке айналдырып келген. Әкесі, екі ұлымен және келінімен бірге есірткі саудасының көрігін қыздырыпты.

Бұл кадрлар қылмыстық топты ұстау барысында түсірілген. Олар есірткіні Жамбыл облысының Шу ауданындағы сыбайластарынан алдырып, Павлодарда сатқан. Құрықтау кезінде үйдің шатыры мен қоймаларынан ірі көлемдегі есірткі партиясы тәркіленді.

Рашад ӨТЕУОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Қылмыстық топ басшысы мен ұлдарының тұрғылықты мекен-жайын тінту кезінде аса ірі мөлшердегі "гашиш", "героин", сондай-ақ, 200 келіден астам "марихуана" есірткісі және атыс қаруы табылды. Мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен қылмыстық топтың қатысушыларына қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.   

Тергеу деректеріне сүйенсек, қылмыстық топты, үйдің отағасы құрған. Оның құрамында жалпы саны 8 адам болған. Оның екеуі өз ұлы, біреуі келіні болып шықты. Өзге мүшелері есірткіге әуес қаланың өзге тұрғындары екен.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ МАМАНЫ:
 
Сот үкімімен қылмыстық топтың ұйымдастырушысына 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасы, қалған 7 қатысушысына 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Аппелациялық қаулы заңды күшіне енді.

Сот шешімен келіспеген оның туысқандары аппелациялық сотқа шағым түсірген. Алайда, соңғысы да үкімді еш өзгеріссіз қалдырды.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:


Ал атасы ашқан кәсіпке араласқан келіннің кәмелетке толмаған 3 баласы бар. Десе де, сот оған да ешқандай аяушылық танытпады. Балалардың ендігі тағдыры не болары белгісіз.

Ө. Қуанар