"Бастаңғы" - бақ-берекенің бастауы. Қостанайда Ұлыс күні ерекше ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Мәні зор мәдени шараға облыстық қазақ драма театры мұрындық болды. Өнер ордасында үш күн бойы өткен мерекелік сауыққа келген көрерменнің қарасы да қалын болды.
Тобыл өңірінде «Бастаңғы» 4 жыл бұрын жаңғырды. Бірақ биылғы бағдарлама бұрынғыдан өзгерек. Қара шаңыраққа ағылған қалың көрермен әуелі «Наурыз көженің» дәмін татып, ақ батасын жаудырды.
"Бастаңғы" басталмай тұрып барша қауымға ұмыт бола бастаған кейбір қолөнер түрлері таныстырылды. Қолынан өнер тамған Балдырған Қабдоллақызы термебау, кілем тоқуға қызығушылық танытқан қыз-келіншекке өнердің қыр-сырын үйретті.
Балдырған ҚАБДОЛЛАҚЫЗЫ, ҚОЛӨНЕРШІ:
Енемнен қалған ағаш. Мынау кілем ағаш. Сол текке тұрмасын деп қазақтың қолөнері текке ұмытылып кетпесін деп балаларымның шеберханасына әкеліп 2-3 айдан бері кілем тоқып жатырмын. Сол жастар үйренсін, білсін, ұмытылып қалмасын деп. Баяғыда жас кезімізде әжелеріміз бен енелерімізге тоқып жүретінбіз.
Сауыққа келген сан тұрғын театр музейіндегі көне жәдігерлерді де тамашалады. Ағайынды Аңқауовтардың көрмесі де көпшіліктің көзайымына айналды.
Батырбек ШАМБЕТОВ, І.ОМАРОВ АТЫНДАҒЫ ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:
«Театр киім ілгіштен басталады » демекші адамдар кіргеннен бастап баяғы біздің ата-балаларымыз жасап кеткен қолөнер, сурет өнерлері сондай көрмелер ұйымдастырып қойдық. Соны біз күнде көре бермегендіктен өзіміздің ұлттық киімдерімізді, ұлттық дастарханымызды көрген соң бір ерекше әсерге бөленіп жатыр.
Ұлттық дәстүр, ойын-сауық, ән-би, әзіл-қалжың негізінде құралған мерекелік бағдарлама көрермен көңілін серпілтті. Карантиндік шектеулерге байланысты жыл бойы концертке, сахналық қойылымға бармаған қалың жұрт бұл «Бастаңғыдан» айрықша әсер алғанын айтады.
Арайлым ЕЛДОСҚЫЗЫ, КӨРЕРМЕН:
Биылғы Бастаңғы өткен бастаңғыларға қарағанда ерекшелігімен менің көңілімде қалды. Шын айтқанда сахнаға шығып кетуге сәл қалдық делебеміз қозып. Мына жастардың ойын-сауығын көргенде, ұлттық дәстүріміздің кейбір нақыштарын көрсетті.
Қостанай індет жұқтыру бойынша «Жасыл аймақта» тұрса да, Ұлыстың ұлы күнін жаппай тойлаған жоқ. Орталыққа ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, алаңға жұрт жиылмады. Әз-Наурыздың әсерлі нақышы, дүбірлі-думаны қара шаңырақ қазақ драма театрында ғана қанық көрініс тапты.
З. Санай