Русский Сайттың толық нұсқасы

«Қаллеки» театрында «Құнанбай» спектаклінің премьерасы өтті

  • AstanaTV
  • 30 наурыз 2021
  • 3029

Бас қаладағы «Қаллеки» театрында «Құнанбай» спектаклінің премьерасы өтті. Бұл - Қазақ музыкалық-драма театрының жаңа ғимарттағы алғашқы ауқымды драмалық қойылымы. Туындының авторы – Таласбек Әсемқұлов, қоюшы режиссері – Болат Ұзақов. Жаңа шығарма ел Тәуелсіздігі мен аталған өнер ордасының 30 жылдығына орай сахналанып отыр. Қойылыммен қатар театрдың бүгінгі жәй-күйімен танысып қайтқан әріптесім Әлішер Өмірзақ тақырыпты жалғастырады.

Абақтыдан шыққан Құнанбайдың дүниеден баз кешіп, қажылыққа кетуіне не түрткі болды? «Құнанбай» драмасының қоюшы режиссері – Болат Ұзақов спектакльде осы сұрақтың жауабын көрсетуді мақсат еткенін айтады.

Болат ҰЗАҚОВ, «ҚҰНАНБАЙ» ДРАМАСЫНЫҢ ҚОЮШЫ РЕЖИССЕРІ:


Таласбек ағамыздың шығармаларын оқып... Енді бұрыннан да білеміз, сөйтіп осындай бір нұсқаны жасауға бел будым. Біз Құнанбайдың портреттік бейнесін жасаудан қаштық, біз «өзіміздің» Құнанбайымыздың нұсқасын жасауға тырыстық.


Қазақ музыкалық-драма театрының жаңа ғимартқа көшкендегі алғашқы ауқымды қойылымы - осы. Үш күнге жоспарланған премьерада Құнанбай бейнесін үш түрлі актер сомдайды. Соның бірі аймақтан өнер ордасына жақында ғана келген актер – Нартай Сауданбекұлы.

Нартай САУДАНБЕКҰЛЫ, ТЕАТР ӘРТІСІ:
 
Ал енді рөлдің жауапкершілігі өте ауыр. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалдым. Актер болып кіргеннен кейін 20 жылдық тәжірибеміз бар, соған сүйеніп шабамыз.


Карантин шараларына байланысты, премьераға  келген қонақтар саны шектеулі, тек шақыртумен. Өйткені өнер ұжымының жаңа ғимаратқа көшіп келгеніне 4 ай өтсе де, Мәдениет және Әділет министрлігі билет сату процесін жүйелендіріп бермеді, дейді театр әкімшілігі. Алдағы уақытта бұл мәселе шешіледі деп сенім артып отыр.

Ә. Өмірзақ