Русский Сайттың толық нұсқасы

Зымыранның зардабынан Қызылордада онкологиялық ауру жасарып кеткен

  • AstanaTV
  • 31 наурыз 2021
  • 5823

Гептил пайдаланатын зымыран тасығыштарды ұшыруға тиым салу керек!  Өйткені Байқоңыр ғарыш айлағының адам денсаулығына зарбады орасан болып отыр. Бүгінде Қызылорда облысында онкологиялық және орталық жүйке жүйесі аурулары артуда. Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов, бүгін Парламентте осы мәселені көтерді. Оның айтуынша Ресей ғалымдары құлаған зымыран қалдықтарының қоршаған ортаға қауіптілігін анықтаған.

Мәжіліс депутаты Арман Қожахметовтің айтуынша, зымыран тасығыштарды ұшыруға қажетті гептилдің адам денсаулығына зардабы орасан. Ал әуе кемесінің қалдықтары құлаған аймақтарды залалсызданыруды ресейлік емес, қазақстандық компанияның жүргізгені жөн деп есептейді. Сондай-ақ, «Байқоңыр» ғарыш айлағының адам денсаулығы мен табиғатқа келтіретін зиянын толық тексеруді талап етті.  

Арман ҚОЖАХМЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "NUR OTAN" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ракета қалдықтары түсетін аумақ тұрғындарын жаппай жыл сайын скринингтік тексерістен өткізу керек. Сонымен қатар, зиянды қалдықтар түскен территорияның толық зерттеп, гептилдің келтірген әсерін нақты анықтауымыз шарт. Қазақстандық ғалымдардың осы мәселені зерттеу жұмыстарын да қаржыландыруымыз шарт.
 
Аталмыш мәселе байқоңырлықтардың да «бас ауруына» айналған. «Байқоңыр экомониторинг» қоғамдық бірлестігі әр зымыран тасығыш ұшырылғаннан кейін, Байқоңырда жел көтеретінін айтып отыр. Бұл тыныс жолдары ауыратын адамдарға қиындық тудырып жатқан көрінеді. Ал ракета қалдықтарын залалсыздандыру жұмыстарының көлеңкелі тұстары көп дейді қоғамдық қор төрағасы.

Марат ДӘУЛЕТБАЕВ, «БАЙҚОҢЫР ЭКОМОНИТОРИНГ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Алдыңғы жылы «РосКосмос» Байқоңыр ғарыш айлағынан 4 қоқыс алаңын ашты.  Енді өздері қалаған түрлі радиактивті қалдықтарды көміп жатыр. Қазақстан тарапы бұны еш қадағалап отырған жоқ. Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша экология департаментіне тексеру туралы арыз жаздым. Олар маған ол коммерциялық аймақ екендігін айтумен шектеліп отыр.

Мәжіліс депутатының айтуынша, құлаған зымыран бөлшектері адам денсаулығына кері әсерін тигізуде. Соның салдарынан Жезқазғанда қатерлі ісік аурулары өршіп барады дейді. Қызылорда облысындағы ахуал да мәз емес. Дәрігерлердің айтуынша 2019 жылмен салыстырғанда былтыр онкологиялық аурудан көз жұмғандар саны 12,7 пайызға өскен. Ең сорақысы ауру жасарып барады дейді ақ халаттылар.

Алма БАПАНОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ОНКОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ:

2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы 6,5 пайызға артқан. Бір күнде 21 адам қабылдаймын. Қазір онколгиялық аурулар жасарған. Мысалы жатыр мойынының қатерлі ісігін алатын болсақ, қазір жас қыздар ауырып жатыр.  Анықтағанда олар көбіне асқынған сатысында келеді өкінішке орай.

Соңғы он жылда Қазақстан территориясында үш ракета апатқа ұшыраған. Ал мәжіліс депутатының есебінше, Байқоңыр ғарыш айлағы ашылғалы бері Қазақстан мен Алтай аумағына 600 ракетаның бөлшектері түскен. Ол орташа есеппен 3 мың тоннаны құрайды.

М. Тоқтасынқызы