Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарға келген жаңа автобустар қайтадан қытайлық зауытқа жөнелтілді

  • AstanaTV
  • 31 наурыз 2021
  • 1927

Қаңтар айында ғана Петропавлға жеткен, жаңа автобустар қайтадан қытайлық зауытқа жөнелтілді. Облыс орталығында қоғамдық көлік әбден ескіргендіктен, қала билігі автобус паркін жаңартуды көздеген. Бірақ тың көліктің алғашқы партиясы сенімді ақтамаған көрінеді. Қытайлық темір тұлпар неге сыннан өтпей қалды? Шығынды кім өтейді? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин тақырыпты жалғастырады.

Бұл облыс әкімінің жыл басында жаңа автобуспен жүріп келе жатқан кезде, тілшілерге берген сұхбаты. Атқамінерлер былтыр Петропавл көшелерінде қатынап жүрген 200-ге жуық қоғамдық көліктің тең жартысын жаңартуды көздеген. Ізінше қытайлық компаниядан уақытша жеті көлік алған. Алайда, аспан асты елінің өніміне шенеуніктердің көңілі толмаған. Ал кеше әлеуметтік желіде тың қоғамдық көліктің тралға артылып, қайтадан зауытқа жөнелтілген видеосы тарады.

Билік өкілдері тест-драйв барысында бірқатар олқылықты анықтаған. Сол үшін қайтарып жіберген. Айтуларынша, көліктердің құны әлі өтелмеген. Шенеуніктер автобустарды тасымалдау шығыны бюджетке жүктелмейтінін жеткізді.

Бахыт ІЛИЯСОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ ТҮКШ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Автобустардың бағдарламалық жүйесінде ақаулар болды. Жанармайдың көлемін көрсететін құрылғылармен және ақпараттық монитормен қамтылмаған. Осы кемшіліктерді жою міндетін зауыт өз мойнына алды. Жалпы, 100 бірлікті алу үшін облыстық бюджеттен шамамен 4 миллард теңге бөлінді. Бұл автобустар жолаушылар тасымалдау компанияларына лизинге берілмек.

Дегенмен, билік өкілдері бастапқы ойынан айнып қалған жоқ. Қытайлықтардың «кемшіліктерді жоямыз» деген уәдесіне сенген әкімдік жылдың соңына дейін 100 автобусты алуға бекініп отыр. Әрбіреуінің құны 40 миллион теңгенің шамасында болмақ. Ал жолаушыларды тасымалдау компаниялары бұдан былай жол тарифін субсидиялауды талап етіп отыр. Күні бүгінге дейін тек қытайлық қысқа автобустармен ғана жүрген олар заманауи қоғамдық көлікті тарта алмайтындарын жеткізді.

Галина СЕМЕНОВА, «СҚО ЖОЛАУШЫЛАРДЫ ТАСЫМАЛДАУШЫЛАР ОДАҒЫ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Қазір тариф 80 теңге. Бірақ жаңа автобустар алынған соң біздің шығынымыз артып, тариф 200 теңгеге жуықтайды. Бірақ билік жолақысын көтеруге қарсы. Сондықтан олар біздің шығынымызды субсидиялауға көніп отыр. Біз қымбат көлікпен жүруге қарсы емеспіз. Бірақ мемлекеттің қолдауынсыз болмайды.  

Жолаушылар тасымалдау компанияларының шығынын азайту үшін қала билігі үш автобус бағытын қысқартуды жоспарлап қойған. Жалпы, бүгінде қоғамдық көліктің 70 пайызы ескі. Егер шенеуніктердің жоспары іске аспай қалса, не болары белгісіз.

А. Құрманкин