Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте әлі күнге жарыққа жарымай отырғандар бар

  • AstanaTV
  • 02 сәуір 2021
  • 2007

Елдегі үшінші мегаполисте әлі күнге жарыққа жарымай отырғандар бар. Шымкенттегі Достық шағын ауданында тұратын үш жүзге тарта отбасы көгілдір отын мен судан да қағылып келеміз деп арнамызға арыз айтты. Бұқара дер кезінде қаланың бас жоспарына енбей қалыпты. Қоныстанғандарына он жылдан асқан халықтың жан айқайын әріптесім Айзада Төребекқызы жеткізеді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Дәл қазір мен Достық шағын ауданындағы Гүлдерай көшесінде жүрмін. Бірақ көше атына заты сай емес секілді. Ұзына бойы мынадай қисайған бағаналардан көп нәрсе жоқ. Өрмекшінің торындай болған желілері тағы бар. Бірақ мұндағы жұрттың басқа амалы жоқ секілді.

Тұрсынай Омарбекованың Достыққа көшіп келгеніне он жылдан асыпты. Бірақ баспанамыз бар деген аты болмаса өркениеттен қалыс қалғандаймыз дейді. Тоққа тәуелді талай тірлік тоқтап тұрғанын көз көрді. Өйткені бір үйге тартылған желіге бірнеше көрші ортақтасып отыр.

Тұрсынай ОМАРБЕКОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


14 адам бір есептеуіштен аламыз светті. Мысалы айына мен 34 теңгеден төлеймін светті. Автоматым вообще істемейді, полу автомат. Кеше 175 мыңға полу автомат алғам, ол күйдіріп алдым.


Тұрғындар жіп-жіңішке бағаналарды да, электр желілерін де өз ақшаларына сатып алыпты. Қалтасы көтергені осы екен. Оны қостыру да ақылы. Шыдамы таусылған халық жарыққа ақша жиятындар табылғанмен жағдай жасалмаған деп ашынды.  

Жанат СӘТТАРОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қаланың қақ ортасында отырмыз. Бірақ жөні түзу не светіміз жоқ. мына столбамыз ай ма ай біреуі құлайды. Шығып оны жаңбыр ма қар ма соның астына шығып жөндеп шығамыз өзіміз тағыда. Ертең свет қымбаттайды деп жатыр. Осының өзінде 35-40 теңгеден төлейміз, ол свет қымбаттаса мен білмеймін +..мен таң қалам.

Тұрғындардың есебінше, жаңа құрылыс аумағындағы үйлер саны бүгінде үш жүзге жетеқабыл. Алды он жыл бұрын қоныстанса да жергілікті билік тарапынан не су тартылып, не газ кіргізілмеген. Тек жағдайы бары жекеменшіктен тартып алыпты.
 
Маржан ӘУЕСБЕКҚЫЗЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мысалы мен от жағып отырмын он жылдан бері. Көмір жағып отырмын. Газ жекеменшік. Маған келіп тұр, 385 мың теңге төлеңіз, газ қосып берем дейді. Мен 385 мың теңге беріп газ қоса алмайды екем.


Тұрғындардың қақпаған есігі жоқ көрінеді. Бірақ нәтижесіз. Білулерінше, дәл осы аумақ қаланың бас жоспарында енбей қалған.

Жүсіп ӘЙНЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мұзтау көшесіменен мынау Гүлдерай көшесі, ар жағында аты жоқ көшелер де бар арғы шетімізде, соны мынандай үшбұрышты ғып бізді планға қоспай тастап кеткен.Біз тура аралда , бермудский триугольникте өмір сүріп жатқандаймыз. Не көшеміздің аты жоқ.

Жергілікті атқамінерлер 2019 жылы бас жоспарға қостық деп қайырыпты. Бірақ одан бері екі жыл өтті дейді төзімі таусылған халық. Аудан атқамінерлері жоспарға енбей қалған аумақтың мәселесі биыл басты назарда дегенді алға тартты.

Азамат ПАРМАНОВ, ҚАРАТАУ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз оны қалалық ЖКХ басқармасымен ескере отыра қазір мына Абай ауданы Солтүстік саяжай елді мекенінде ЖСҚ әзірленіп жатыр , сол ЖСҚ-ға  біз Достық елді мекеніндегі жобаға енбей қалған елді мекенді де қостық. Ол жерді топосъемкаға түсірдік, аталған жобаға қосу мақсатында. Қазіргі таңда жұмыстар атқарылып жатыр.

Елеусіз қалған аумақ тұрғындарына ауыз су мен жарық келер жылдың соңына қарай қосылмақ екен. Ал асфальт тек бүкіл жүйе тартылып болғасын ғана салынатынын жеткізді. Оған дейін уақытша шағал тас төсеп беруге уәде етті.

А. Төребекқызы