Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда жанармай қымбаттады

  • AstanaTV
  • 05 сәуір 2021
  • 1866

Оралда қолжетімді АИ-92 маркадағы жанармай бағасы 170 теңгеден сатылып жатыр. Ал, жекелеген май құю бекеттері бензинді талонмен ғана беріп жатыр. Май құю бекеттерінің өкілдері бензиннің әлі де қымбаттайтынын жасырмады. Ал аймақ шенеуніктері нарықтағы бағаны реттей алмайтынын айтып, алақан жайып отыр. Сұйық отынның қымбаттағанына наразы жүргізушілер енді басқа қызмет түрлері мен азық-түлік қымбаттай ма деп алаңдаулы. Тілшіміз жалғастырады.

Қазір жанармай бекеттерінде көлік қарасы азайған. Жүргізушілер мұны сұйық отынның қымбаттағанымен байланыстырады. Халыққа қолжетімді АИ-92 маркалы бензин тапшы. Бірқатар жанармай бекеттері бүгін бензинді бес литрден сатуға көшкен. Литрін 170 теңгеден беріп жатыр. Ал, енді бірі талонмен ғана құяды.

Айболат БӨКЕНОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Көшелер ойқыш-ойқыш болған соң, жер кепсін деп енді таксовать етейін десем, бензин 170 теңге. Азық-түлік те екі есеге қымбаттайды деген сөз ғой. Бұрынғымен санағанда бұрын толық бензин багы 7 мың теңгеге шығатын еді. Қазір 10 мың теңгеге шығады. Енді айырмашылық бар ғой. Үш мың теңгеге отбасыңа тамақ аласың.

Армат ТӨРЕБЕКОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жалпы қарапайым жүргізушілер үшін бензинннің қымбаттауы өзіміздің табыстан бөліп-жырып төлейміз ғой. Соған байланысты енді қалтаға соғады. Қарапайым халыққа ауыр тиіп жатыр деп ойлаймын. Бензин қымбаттағасын, бәрі де қымбаттайды ғой. Көп нәрсе сонымен байланысты.


Қазір өңірдегі 131 май құю бекетіне қажетті жанармай көршілес Атырау мен Ресейден жеткізіледі. Мұнай өңдейтін өз зауыты бар оралдық кәсіпорын да, шикізат тапшылығын сылтау етіп, бағаны өсіреміз деп отыр.

Ирина ПОЛЫНЯНКИНА, ЖАНАРМАЙ СТАНСАЛАРЫ ЖЕЛІСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:


Қазір біздің зауытта шикізат тапшы. Осыған дейін өз шикізатымызды өңдеп, сататынбыз. Енді бензинді басқа жеткізушіден қымбатқа сатып алуға мәжбүрміз. Осылайша бүгіннен бастап, бізде де жанармай қымбаттайды. Баға әлі де өсуі мүмкін.


Ал жергілікті шенеуніктер жанармай бағасына әмірі жүрмейтінін айтып, алақан жайды. Атқамінерлер ақпан айында жөндеуге жабылған атыраулық зауыттың тілеуін тілеп отыр.

Әсел АБУЕВА, БҚО ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

АИ-92 маркалы бензин мен дизельдік отын бағасын мемлекеттік реттеу 2015-жылы алынып тасталды. Содан бері жанармайдың осы түрлері еркін сатылымда. Еліміздің ішкі нарығындағы жанармай бағасы сұраныс пен ұсынысқа байланысты құбылып отырады. Бұл іске мемлекет араласпайды.

Шенеуніктердің айтуынша, қазір Атыраулық мұнай өңдеу зауытында 8 ақпаннан бері жоспардан тыс жөндеу жүргізіліп жатыр. Зауыт іске қосылса, жағдай тұрақталады деген үмітте.

Е. Карин