Русский Сайттың толық нұсқасы

Елде халал маркировкасын қадағалайтын жауапты орган жоқ - ҚМДБ

  • AstanaTV
  • 06 сәуір 2021
  • 1908

Елде халал маркировкасы бір ізге түспей отыр. Тіпті, аталған сертификатты беретін бақандай 4 орталық бар. Бұл «тиын егіп, теңге оруды» ойлаған кәсіпкерлерді бейжай қалдырмайтыны анық. Тауарларға «халал» деп жазылған әртүрлі таңбалар қойылады. Қайсысы шын, қайсысы жалған – айыру қиын. Сауда министрлігінен бастап, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілдері де жарытып жауап бермеді. Толығырақ тілші материалында.

Арагідік «халал» деп таныстырған шұжықтардан доңыз еті табылғанын естіп жатамыз. Кейбір сарапшылардың пікірінше, «халал» белгісі ештеңе білдірмейді. Ол – сауданы жақсартудың амалы ғана,-дейді. Ал Халықаралық стандарт бойынша, халал өнімде алкоголь, ГМО, шошқа компоненттері, шариғатқа қайшы әдіспен сойылған жануар еті, улы заттар болмауы керек. Егер құрамында улы және адамға зиян қоспалары болмаса, азық-түлікті синтетикалық және химиялық қоспалармен дәмдеуге рұқсат етілген. Қаптаған жапсырмалардан халық та шаршаған сыңайлы, жазуды көріп тұрсақ та сену қиын деп отыр.

БЛИЦ:

- ҚМДБ ұсынған сертификатқа сенемін, ал жай ғана жазуға сенбеймін, оны басқа организациялар береді.

- Жоқ сенбеймін!


Сауда және Интеграция министрлігі халал өніміне байланысты 15 сертификат әзірленгенін хабарлады. Оларды дайындау үшін Біріккен Араб Әмірліктері мен Түркияның стандарттау органдарымен тығыз жұмыс істепті. Сапаны арттырамыз деген, Ұлттық аккредиттеу орталығы өкілдері халал өнімдердің толық тексерілуі әзірге заңмен нақты бекітілмеген деп қайырды.

Қайнар ТАЙЖАНОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ ҰЛТТЫҚ АККРЕДИТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Тауарларды тексеру тек, өндіріс орындарының ұсынысымен жүзеге асырылады. Әрине, бұдан түрлі қауіптер төнуі мүмкін екенін жасырмаймыз. Алайда барлығы алдағы уақытта реттеледі. Бұл мақсатта жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бізде «халал» делінген өнімдердің шариғат ережесімен өндірілуін 5 ұйым қадағалайды. Бірақ арнайы заң болмағандықтан, олар беретін сертификаттардың заңдық күші жоқ. Тіпті, бұл ұйымдар бір-бірін онша мойындамайтын көрінеді.

Айбек АТАШОВ, ҚМДБ ХАЛАЛ ДАМУ ЖӘНЕ СЕРТИФИКАТТАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Оларды бақылап отыратын ешқандай орган жоқ. Елімізде халал индустриясы кенжелеп дамып жатқандықтан, жаңағы ұлттық акредиттеу орталығы осымен айналысуды енді ғана қолға алып жатыр.

Халал стандарты көп жағдайда бизнестің көзіне ғана айналған секілді. Қазір мұсылман да, басқа да халалды таза деп ұғады да, штампына ғана қарайды. Ал ондай штамптар сатылады. Кейбір кәсіпкерлер соны сатып алып, өнім адал болмаса да, халал деп саудалануы бек мүмкін.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Ең басты себеп – нақты заңның жоқтығы. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өзі уағызбен шектелуге мәжбүр. «Біз қадағалап, жазалайтын мемлекеттік орган емеспіз,-дейді. Ал Үкімет басшылары олқылықтың орны көп ұзамай толатынын уәде етуде. Демек күтуден басқа амал жоқ.

Ғ.Өтемісов