Жалақыға жарымадық. Атырауда мұнай резервуарларын шығаратын «Атыраумұнаймаш» зауытының жұмысшылары шу көтерді. Айтуларынша, дау жылдың басында басталған. Зауыт басшылығы жалақыны тек жасаған жұмыс көлеміне ғана төлеу туралы шешім қабылдапты. Мұнымен келіспегендермен қош айтысатындарын ашық айтып отыр. Аты дардай алып зауыттағы дауды тілшіміз жеткізеді.
Бұлар «Атыраумұнаймаш» кәсіпорнының дәнекерлеушілері мен монтажшылары. Мұнай сақтап, тасымалдайтын қазандықтар, коллоналар мен металл конструкциялар шығарады. Айтуларынша, жаңа жылдан бастап жұмыстарынан берекет қашқан. Басшылық 8 сағаттық еңбекақы төлемін алып тастапты. Есесіне кесімді төлемге көшкен.
Руслан РАХИМОВ, «АТЫРАУМҰНАЙМАШ» ЖШС ЖҰМЫСШЫСЫ:
Бірақ біздің талап ететініміз 5 күндік жұмысымызға, бұрынғы жалақымызға орнына қойсын дедік. Ақшамыз, жалақымыз уақытында түскені жақсы. Олардан сұрасақ, бізде ақша жоқ, түспей жатыр дейді. Жаңа келесім шартты артқы числомен шығарып тұр. Бізден ақылдаспайды. Қол қоясыңдар, қоймасаңдар жұмыстан кетесіңдер дейді.
Нүрберген ҒАБДУЛЛИН, «АТЫРАУМҰНАЙМАШ» ЖШС ЖҰМЫСШЫСЫ:
Жыл сайын жалақы кешігеді. Зейнетақы төлемдері уақытында төленбейді. Медициналық сақтандыру төленбейді. Больничныйға шығып емделейік десек, басшылықтың айтатыны ақысыз күн алып, ақшаларынңа емделіңдер дейді. Бірақ бізден ұстап жатыр.
Жұмысшылар прокуратураға шағымданыпты. Зауытта құзырлы орган қызметкерлермен жиын да өткен. Бірақ мәселе шешілмек түгілі ушығып келеді дейді жиналған жұрт. Ал, зауыт басшылығы болса, "Жаңа жүйеге келіспегендіктендерді ұстамаймыз,- деп ашық айтты.
Александр ДОНСКОВ, «АТЫРАУМҰНАЙМАШ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:
Күн сайын 3-4 адамнан шақырып отырамыз. Келіспеген жұмысшылармен келісім-шартты бұзамыз. Қазіргі кезде ақпан айының 20 пайызын төлеген жоқпын. Наурызды айтпағанда. Ақша жоқ. Сондықтан түрлі әдістер қолданылып жатыр. Менде екі жол бар: Адамның санын қысқартып, қалғанына ақша төлеу. Немесе көп жұмыс істеген адамға көп төлейтін дифференциалды төлем қолдану.
Зауыттағы бұл дауға еңбек инспекциясы араласты. Олар заңнама талаптарына сай жан-жақты тексеріс жүргізбек.
Абылай ҚАРАБЕКОВ, МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ:
Арыз негізінде біз тексеріс жүргізіп заңға сәйкестігін анықтаймыз. Сонымен қатар қызметкерлерден қосымша арыз алынды шеттету бойынша. Оның да заңдылығын анықтаймыз.
Инспектордың айтуынша, зауытта еңбек дауы былтыр да тіркелген. 50 адамға жалақысын уақытында төлемей, 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салыныпты. Айта кетейік, Атыраумұнаймашта үш жүзден астам адам қызмет етеді. Жаңа жүйе олардың 90-ына ғана есептеліпті.
Б. Надірқызы