Денсаулық сақтау министрі неге коронавирусқа қарсы вакцина салдырып, халыққа үлгі болмайды? Бұл сұраққа өзі емес, орынбасары жауап берді. Алексей Цой отандық вакцинаны күтіп жүрген көрінеді. Бірақ оның қашан дайын болатыны әлі күнге жұмбақ. Еске сала кетсем, QazCovid-in-ді күтіп жүрген Президент те, кеше Ресейдің "Sputnik V" екпесін қабылдады. Елдегі иммундау жұмыстары қалай жүріп жатыр? Эпидемиологиялық ахуалды бақылап жүрген тілшіміз Асылбек Данияр тарқатып айтсын.
Күні кеше екпе салдырған мемлекет басшысының жағдайы жақсы, кері әсері байқалмаған. Мұны Президенттің баспасөз хатшысы бөлісті. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін фейсбуктегі парақшасында дәрігерлерге рақмет айтты.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қолжетімді және сапалы медицина жүйесі–жалпыұлттық басымдық. 2020 жылдан бастап медицина саласын қаржыландыру 1,5 есеге көбейді. 2021 жылдың 1 қаңтарынан сала қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. Азаматтардың денсаулығын қорғаудағы жанкешті еңбегі үшін дәрігерлерге ризашылығымды білдіремін!
Елде COVID-19-ға қарсы екпе науқаны жалғасып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі бұл бойынша мынадай ақпарат ұсынды. 1 ақпаннан бері күні бүгінге дейін препараттың 1 кезеңін 217 мыңнан астам, ал 2-ші кезеңін 80 мыңға жуық адам алған. Алексей Цойдың айтуынша, оның 0,8 пайызында дәрінің кері әсерлері байқалған. Бірақ денсаулықтары қалыпты дейді. Сонымен бірге ол бірден 6 миллион вакцинаны қалай алатынына жауап берді.
Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Шынында да, Ресей Федерациясымен 2 миллион доза алу туралы келісімшарт бар, 4 миллион дозаға қосымша өтініш жолдадық. Енді біз осы вакцинаны жеткізу кестесінің расталуын күтіп отырмыз.
Айтпақшы, екпе салдыру жүкті әйелдер мен балаларға ұсынылмайды. Дәрінің нұсқаулығы да осыны көрсетеді. Ал, коронавирустан айыққандар болса вакцинаның 2 компонентін алу керек екен. Дәрі қабылдап кеселді жұқтырып алғандардың жайы қалай болмақ?
Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Инкубациялық кезең дейді жұқтырған адамдар бірінші вакцина алғаннан кейін жұқтырып алып жатыр ауруларды. Осы кезде бұл ауру өте жеңіл түрде өтіп жатыр. Мамандардың айтуынша, ондай қауіп адам ағзасына жоқ. Қайта оның иммунитетін көтеретінін айтады.
Алексей Цой әзірге екпе алуға асықпайды. Отандық "QazCovid-in-ді" күтпекші. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дәріні мақұлдаса халықтың алдында салдыруға дайын екен.
Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Екпе осы сәуір айының аяғында барлық клиникалық зерттеулерден өтті деген есебі министрлікке келіп түсу керек. Сол есеп қабылданғаннан кейін, тиімділігі мен қауіпсіздігі дұрыс болған жағдайда министрі халықтың алдына шығып өзі екпе алады.
Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал мүшкіл. Сырқаттанушылардың өсімі әлі де жоғары. Өткен тәулікте бірден 27 адам індеттен қайтыс болды. Бұл пандемия басталғалы ең жоғарғы көрсеткіш. Денсаулық сақтау вице-министрі ауруханаларда жатқан науқастардың 600-і жансақтау бөлімінде екенін айтты. Сондай-ақ жағдайды бағалау матрицасының "қызыл" аймағына бүгін Қарағанды облысы қосылды. "Сары" белдеуде тек Шымкент қаласы ғана. Қалған 8 өңірде ахуал тұрақты.
А. Данияр