Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада шарулар шаруасын тастап, орталық алаңға жиналды

  • AstanaTV
  • 07 сәуір 2021
  • 2178

Қызылорда облысының шаруалары бүгін шаруасын тастап, орталық алаңға жиналды. Олар күнкөрісімізге жарап отырған егістік жерлерімізді жеке сот орындаушы рұқсатсыз сатып жіберді деп айыптайды. Айтуларынша Шиелі аудандық сотында екі жыл қаралған бұл істің әлі шешімі жоқ. Сергелдеңге түскендер облыстық сот төрағасы әділдік орнатуын сұрайды.

Жиналғандардың айтуынша, даудың басы «Шұғыла» шаруа қожалығының, кәсіпкерге қомақты қаржы қарыз болуынан басталған. Істің соңы сотқа барып, оны өндіру туралы шешім шығарыпты. Шешімнің орындалуын талап етуші - жеке сот орындаушысы - қожалыққа тиесілі 105 гектар жерді - кәсіпкерге иелікке өткізіп жіберген деп отыр

Шаруашылықта пай үлестері бар 35 адам, бұдан бейхабар болғандарын айтты. Енді жерден несібелерін теріп отырған халық «үлесімізді қайтарсын» деп талап қойды.

Ербол ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ, ҮЛЕСКЕР:

Әрқайсысы алдында жеп отырған нанын ешкімге бергісі келмейді ғой. Көлденең келді біз ол жігітті танымаймыз. Сыртымыздан осындай қылып сатып жіберген. Жағдайымыз жасалып келе жатыр деген кезде мыналар көлденең келіп жерімізді сатып жіберіп жатқанына біз наразылығымызды білдіріп келіп тұрмыз осы жерге.
 
Шарушылық қожайынының айтуынша, Шиелі аудандық сотында қаралған алғашқы процесте жеке сот орындаушының ісі заңсыз деп танылыпты. Кейін қарсы тарап қайта шағымданып, процесс бір жылдан аса жүрген. Бірақ белгісіз себептермен аудандық сот істі қараусыз қалдырғанын түсінер алмай әлек. Осылайша, «екі жылдан аса соттың табалдырығын тоздырдық» деген наразы топ, апелляциялық сот сатысынан үміттенеді.
 
Дәулетияр ҮСЕНОВ, «ШҰҒЫЛА» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Әр қайсысының 5-6 балалары бар. егінін егеді, күрішін, жоңышқасын егеді. Жер 49 жылға әр азаматқа пай үлестеріне берілген жер. Оны сатуылуға болмайды деп, осы кісілермен әділ шешім іздеп келіп тұрған жайымыз бар.
 
Базыналарын айтып, орталық алаңға жиналғандарды құқық қорғаушылар мен әкімдік өкілдері таратуға тырысты.

Жердің пайдалану мерзімін рұқсатсыз сатты деген жеке сот орындаушының да өз айтары бар. Ол қордаланған қарызды дау-дамайсыз өндіруге тырысқанын айтып ақталды. Жерді аукцион арқылы сатумен шешкенін де жоққа шығармайды. Ол туралы шаруашылық төрағасына да ескертілген дейді. Ал «таласқа түскен 105 гектарда халықтың үлесі жоқ деп отыр.
 
Талғат БАЙМАҒАНБЕТОВ, ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫ:

Іс жүргізу барысында салық комитетінен сұраттым, маған «Шұғыла» шаруа қожалығының мүшесі ретінде Үсенов Дәулетияр мен оның баласы екеуін ғана көрсетіп берді. Мен соған сәйкес аукцион жүргіздім.

Соңғы уақытта Қызылорда облысында жер дауы ушығып тұр. Пай үлестерін даулаған халық жиі бас көтеріп, облыс әкімдігінің қақпасын қағуды жиілеткен. Ал шарасыз күй кешкендер мәселе бұл жолы да шешілмесе, бас қалаға жол тартуға бекініп отыр.

М. Тоқтасынқызы