Русский Сайттың толық нұсқасы

Батысқазақстандық шаруаларға киіктер маза берер емес

  • AstanaTV
  • 07 сәуір 2021
  • 2533

Батысқазақстандық шаруа қожалықтары киіктердің кесірінен жайылымдық жеріміз қу тақырға айналады деп алаңдаулы. Өйткені ақбөкендердің саны соңғы жылдары тым көбейіп кеткен. Үйірімен жүрген киіктер мал жайылымын отап, зиян келтіріп жатқанына шағымданды. Сайын даланың ерке жануарларын қалай жазаларын білмеген шаруалар, кімнен көмек сұрарын да білмей отыр. Тілшіміз жалғастырады.

Былтыр карантинге байланысты өңірде киік санағы жүргізілген жоқ. Бірақ осыдан дейінгі авиасанақта Батыс Қазақстан облысындағы киіктердің 200 мыңнан асқаны айтылды. Мамандар дерегінше, биыл бөкендердің 400 мыңға жетуі мүмкін. Дегенмен дала кезген жануарлар ауыл шаруашылығына айтарлықтай зиян келтіруде. Әсіресе аптап ыстықтан қорғанғанда жайылымнан өздеріне шұқыр қазып алып, даланы бүлдіріп жатыр дейді шаруалар.

Бибігүл ЖҰМАҒҰЛОВА, БҚО КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ БӨКЕЙ ОРДАСЫ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Соңғы жылдардағы киіктің тез көбеюі қожалықтарға үлкен орасан зор шығын әкелуде. Жайылымдық, шабындық жерлерін отап, қысқы азықтарын дайындауға үлкен кеселін тигізіп отыр. Сонымен бірге олармен тас кене таралып, малдың өлуіне себепші болуда.

2005 жылдан бастап қорғауға алынған ақбөкенді атуға тыйым салынған. Тіпті жеріне түскен жануарларды айдап шығарған шаруаларды да инспекторлар киікті қозғауға болмайды деп әкімшілік жазамен қорқытатын көрінеді. Амалы таусылған кәсіпкерлер жоғарыға хат дайындап, көмек сұрап отыр. Ал инспекторлар ақбөкендерді бір жерде қамап ұстау мүмкін емес екенін айтты. Сондықтан шаруалар өз жерін қоршап, күзетуі тиіс, дейді.

Қайрат ҚАДЕШЕВ, БҚО ОРМАН ЖӘНЕ АҢШЫЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Малдың қасында бақташысы жүрсе, ол деген бір-екі километр жақындамайды. Сондықтан киік өзі жылжиды ғой. Бірақ оны қуғанмен де, сондай ұсыныстар түсіп жатыр, шаруа қожалықтарынан өз жерімізден қуамыз деп. Ал қуған киік бір ауданнан екінші ауданға түседі. Онда не болады? Олар кері қарай қуады. Әрі қазіргі кезде төлдейтін кезі. Енді біз табиғатқа қиянат жасамауымыз керек. Буаз малды қалай қуамыз?

Биылғы санақ кезінде киіктің нақты саны белгілі болмақ. Заң бойынша бір киікке 20 гектардан бекітіліпті. Егер киік саны осы нормадан асып кетсе, бөкендерді реттеу мәселесі туады. Мамандар Бөкей Орда мемлекеттік резерватының ғылыми және экономикалық негіздемесі дайын екендігін, қазір штат саны нақтыланып жатқанын жеткізді. Енді резерват биыл ашылса, аң мен адамның жер үшін таласы тоқталар деген үмітте.

Е. Карин