Бұдан былай, сауда орындарын аралап жүріп те, вакцина қабылдай аласыз. Нұр-Сұлтан қаласының ойын-сауық орталықтарында, өткен сенбіден бастап, екпе егу орталықтары жұмыс істеп жатыр. Бұл екпе орындары күнделікті таңғы сағат 10-нан бастап, түн жарымына дейін жұмыс істейді. Мамандар қазір мұндай орындардың саны, бас қалада 36-дан 100-ге дейін өскенін айтты. Сауда орталықтарындағы екпе егу жұмыстары қаншалықты қарқынды жүріп жатыр? Оны әріптесім көріп келді.
«Коронавирус». Осыдан тура бір жыл бұрын бұл сөзді естігенде кез-келген жанның төбе шашы тік тұратын. Табиғаты тың кеселден қорыққан халық үйге қамалып қиналды біраз. Бірақ, қазір қорқыныш сейіліп, артта қалғандай. Өйткені, өз еркімен екпе алуға келіп жатқандар бар.
Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Бас қаланың ойын-сауық орталықтарының бірінде жаппай екпе салу үрдісі жүріп жатыр. Көріп тұрғандарыңыздай, менің артымда кем дегенде 30-40 өз кезегін күтіп отыр. Дәрігердің сөзінше екпе салуға күніне 100-ден астам адам келеді екен. Ендеше екпе салудың қалай өтетінін түсіндіре кетейін. Алдымен, өзің туралы барлық ақпаратты толтырасың. Одан кейін дәрігердің тексерісіне қарай өтесің.
Тек медициналық тексерістен кейін ғана, екпе егетін павильонға беттейді. Бірақ, қыруар шаруа әлі алда. Өйткені, екпе алушылардың санын елорда бойынша көбейту керек.
Әйгерім АРДАҚҚЫЗЫ, ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Бүгінде елордада 30 мыңға жуық адам коронавирусқа қарсы екпе алды. Жыл соңына дейін 640 мыңнан астам немесе 60 пайыздан жоғары қала тұрғындарын вакцинациялау.
Осы жылдың ақпанында басталған екпе жұмыстары бүгінде миллион адамды қамтып үлгермеген. Екі айдың ішінде небәрі 339 мыңға жуық жан ғана екпе алыпты. Бірақ, министрліктің ресми өкілі қыркүйекке дейін 10 миллион адамға вакцина саламыз, дейді.
Ержан БАЙТАНАЕВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
12 сәуірдегі мәлімет бойынша Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның 1-компонентін қабылдағандардың жалпы саны 338 582 адамды құрайды. 2-ші компонентін қабылдағандардың жалпы саны 105 392 адамды құрайды.
Жоспар жап-жақсы, әрине. Десе де, қыркүйекке дейін небәрі 5 ай қалды. 2 айда өте баяу жүргізілген жұмыстар күзге дейін межеге жетеді деу қиын. Десе де, жұрт жұмылса, бәрі мүмкін дейді, министрлік.
Л. Қуанышқызы