Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда алақандай балалар алаңқайына талас туды

  • AstanaTV
  • 14 сәуір 2021
  • 2955

Атырауда балалар алаңқайын бұзып, орнына үй салмақшы. Бұған сол маңдағы бұқара қарсылықтарын білдірді. Алақандай алаңқай қалай сатылып кеткені белгісіз. Тіпті жергілікті билік өкілдері де оған жауап бере алмады. Таласқа түскен ұлтарақтай жер кімге бұйырмақ? Тілшіміз анықтауға тырысты.  

«Гаухартас» тұрғын үй кешені халқынан, соңғы күндері тыныштық кеткен.  Балалар ойнайтын алақандай алаңқайға, үй саламыз деп құрылыс компаниясы өкілдері жиі мазалауды бастапты. Тұрғындар болса, кезінде бас жоспарда балалар алаңы ретінде тұрған жердің бөтеннің иелігіне қалай өтіп кеткенін түсінбей дал.

Айнұр СӘРСЕНОВА,  АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


150 жанұяның балалары ғой.  Жиналғанда екі алаңға сыймай кетеді балалар. Үлкен кісілер айналып қыдырамыз. Мына жерге үй салынатын болса , қараңызшы. Үйдің арасы онсыз да тар. Екі көлік әзер жүреді жолға.   Көріп отырсыздар ғой, қайда ойнайды ол балалар. Шатырда ойнай ма?

Мұрат МҰСТАЖАПОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Бүгінгі күнге дейін біз әлі  білмейміз:  кім үй салайын деп жатыр? Не компания? Не адамдар? Әкімдікке барғанда олар айтты  балалар алаңына тимейміз. Оған тең болатын жер қаланың ішінен  таңдап береміз,- деді.  Бүгін осындай жаңалық кеп жатыр үй салайын деп жатыр деген.


Мына орындықтарды, әткеншек пен сырғанақты, футбол, волейбол алаңдарын, тұрғындар өз ақшаларына орнатқандарын айтты. Мұнда көршілес «Өркен», «Жұмыскер» «Сарықамыс» ықшам аудандарының да балалары келіп асыр салады екен. Өйткені бұл сол маңдағы жалғыз ойын алаңы болып тұр.

Күләш ҚҰСПАНҒАЛИЕВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 
Мына ойыншықтарды 20 мыңнан ақша жинап , жасадық.  Горка, орындық жасадық. Былтыр асфальт жүргізгенде көп нәрселерді траторлар сындырып кетті. Содан кейін былтырдан  бастап осы тұрғындар 10 мыңнан жинап, балалар алаңының барлық заттарын өзіміз сатып алдық ақшамызға.
 

Ойын алаңын ешкімге бермейміз деп шулаған тұрғындарға, қалалық сәулет басшысы келді. Ол әкімдік тарапынан еш көмек болмайтынын ашып айтты. Тек сотқа жүгінуге кеңес берді.

Ерлан КАБДЕНОВ, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ  БАСШЫСЫ:

Тұрғындарға жер учаскесін қайтару үшін сотқа жүгінуге кеңес бердік.  Егер сот жер учаскесін қайтарып, соған тең болатын жер ұсынуға шешім шығарса,  біз қуана көмектесеміз. Сонда ғана бұл аумақты, заманауи балалар алаңын тұрғызу үшін қаланың қорына аламыз. Ал құрылысшыға өзге аумақтан жер учаскесін ұсынамыз.


Тұрғындар енді 900-ге тарта баланың қызығына айналған алаңқайды, құрылыс алаңына айналдыруға жол бермеуге бекініп отыр. Сондықтан қол жинап сотқа арызданбақшы.

Б. Нәдірқызы