Әлеуметтік желілерде Алматы облысындағы Қайыңды көлінің ортасында түсірілген видео тарап кетті. Көлдің үстіне үрмелі матрас төсеп жатқан арудың қылығын қоғам белсенділері құптамай отыр. Тіпті Экология министрлігі табиғи аумақта тәртіпті бұзған келіншекті әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Қайыңды көлінің ортасында түсірілген мына бейнеролик кешелі бері ел арасында қызу талқыға түсті. Бірі арудың әрекетін қолдаса, енді бірі «табиғатты мазақ етті» деп отыр. Әсіресе қоғам белсендісі Сәкен Ділдахмет видео авторына шара қолдануды сұрайды.
Сәкен ДІЛДАХМЕТ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
Негізі Қайыңды көлінде үрлемелі матраспен кез-келген жүзу құралымен болсын түсуге болмайды. Біріншіден рұқсат етілмеген. Екіншіден видео түсірген азаматтар қауіпсіздік ережелерін де сақтамаған. Егерде бұл жерде төтенше жағдай болса бұл азаматтарды кім құтқарар еді.
Қоғам белсендісі табиғаты сұлу мекенді бұлай жарнамалаған дұрыс емес деді. Сондықтан бұл роликтегі әрекетті қайталамауға кеңес береді. Ал видео авторы болса, бұл қылығын ерсі көрмейтінін айтты.
Карина МУФТАХТИНОВА:
Операторымыз екеуміз роликті түсірместен бұрын біраз ойландық. Біздегі бар мақсат, Қазақстандағы туризмді дамыту болатын. Ерекше идеямен туындымыз шықты. Жұрттың көбіне ұнап жатыр. Сонша сөгетіндей ерсі әрекет жасамадық. Қоғам белсендісінен менің жеке басыма тиіспеуін сұраймын.
Сондай-ақ, видео авторы, ерекше қорғалатын Қайындыға қазақ туризм ұлттық компаниясының рұқсатымен бардық деп отыр. Десе де Экология Министрлігі видео авторын әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРЛІГІ:
Видео авторларына қатысты әкімішілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Тәртіп бұзғандар, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 380-ші бабына сәйкес айыппұл төлеуге міндеттеледі.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Сондай-ақ Министрлік елде туристік маусымның басталғанын айтып, азаматтардан ортақ ережеге бағынуды сұрайды. Ал көлдің ортасына матрас төсеп жатқан келіншек, өзін сөккен қоғам белсендісін сотқа бермекші.
Ә. Лесбек