Русский Сайттың толық нұсқасы

Кей өңірлерде судан қауіп әлі сейілмеген

  • AstanaTV
  • 15 сәуір 2021
  • 2111

Елде көктемгі су тасқыны қауіпі кей өңірлерде әлі де сейілмей отыр. Әсіресе Солтүстік Қазақстан облысында жағдай ушығып тұр. Облысқа қарасты Сергеев бөгенінде су деңгейі көтеріліп, өзендер арнасынан асқан. Құтқарушылар күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Аймақтағы 80-ге жуық елді-мекенді су басу қаупі бар. Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарындағы қар, әлі еріп бітпепті.  

Бұл - Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Ғ.Мүсірепов ауданындағы жағдай. Бүгінде бұл аумақта төтенше жағдай мамандары жұмыс жасауда. Өңірдегі мамандар жағдай толық бақылауда деп сендірді. Елді-мекендерге қауіп жоқ дейді.

Евгений ЖУРАВЛЕВ, СҚО ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Бізде барлық құтқарушылар мен техникалар жетерлік. Жағдай біздің толық бақылауымызда. Барлық қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс атқарып отыр. Өзен арнасынан тасыды.  алайда тұрғын үйлерге келер қауіп жоқ.

Сондай-ақ, Ақмола облысының Целиноград, Аршалы аудандарында да жағдай күрделі. Мұнда Есіл өзені тасыған. Осының салдарынан бас қаланың іргесіндегі Жібек жолы ауылына қауіп күшейді. Алайда, оның алдын-алу үшін төтенше жағдай қызметкерлері тәулік бойы жұмысқа кіріскен.

Нұрлан АТЫҒАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫ:

Азаматтық қорғаныс полкінің 52 859 әскери бөлімі күштерінің жеке құрамынан 50 адам, сонымен қатар 3 бірлік техника жіберілді. Қазіргі уақытта Жібек жолы ауылының айналасындағы қоршауды нығайту үшін құм салынған қаптар төселіп жатыр. Қауіптің алдын-алудамыз.

Өңірлерде судан қауіп сейілмей тұрғанына қарамастан, бүгін Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жағдай тұрақты деп есеп берді.   

Юрий ИЛЬИН, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:

Жалпы еліміздегі су тасқыны жағдайын тұрақты деп айтуға болады. Алдын ала жасалған жұмыстар бүгінгі күні елді мекендерді су басу қауіптері барынша азайтылған.

Министрліктің мәліметіне сенсек, биыл ел ішіндегі 46 тұрғын үйге еріген қар суы кірген. Негізенен Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында тіркеліпті.  Дегенмен қазір тұрғын үйлер қызыл судан тазартылған. Төтенше жағдай минтсрі, зардап шеккендерге жергілікті органдар көмек көрсетеді -деді.

Б. Сатуов