Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысындағы шекара дауына кім нүкте қояды?

  • AstanaTV
  • 19 сәуір 2021
  • 3168

Атырау облысындағы Көптоғай халқының наразылығынан соң шекара белдеуін алып тастады.  Алайда ол уақытша ма, әлде мүлдем қойылмайтын болды ма, ол жағы әзірге белгісіз. Белгілісі – ауыл халқы әлі де елең-алаң күйде отыр. Айта кетейік, Көптоғай халқы шекарашылардың ауыл ортасына тікенек сым орнатып жатқанына наразылық білдіріп, шекара белдеуін өзгертуді талап еткен еді.

Құрманғазы ауданына қарасты Көптоғай ауылының халқынан соңғы бірнеше күннен бері ұйқы қашқан. Тыныш жатқан елді дүрліктірген, ауыл шетінен жағалай орнатылған тікенек сым.

Қаһарман РАМАЗАНОВ, КӨПТОҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Күні кеше мына жерге сиыр батты. Соны шығаруға біздің жігіттерді жібермеді. Мыналар уже қоршап жатыр. Ертең қоршау біткеннен кейін сиыр емес, мына жерден екі шелек суымызды алып іше алмаймыз біздер.

Думан ЕСЕНҒАЛИЕВ, КӨПТОҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Шекараны қарап отырсаңыздар, КПП Ресей мен Қазақстанның 3 шақырым жерде орналасқан. Олар заң бұзып, бері қарай біздің жерімізге кіріп кеткен қарап  отырсаңыз. Қолымызда карта бар 77 жылғы сол картаны қарауларыңызға болады. Сол картада анық көрсетілген қай жер қай жақтікі екенін.

Ал, шекара қызметінің аймақтағы өкілдерінің дерегі мүлде басқа. Олар Көптоғай елді-мекені аумағы Ресей жеріне еніп кеткенін 2020 жылдың соңында анықталғанын айтты. қазір соны қалпына келтіріп жатыр деді.  

Ардақ ӘМІРҒАЛИЕВ, ҚР ҰҚК ШҚ АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРАТМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:

Атырау облысы Құрманғазы ауданы Көптоғай елді-мекені аумағында 1500 метрге жуық және тереңдігі 70 метрге жуық Ресей Федерациясы аумағына еніп кеткендігі анықталған. Қазіргі таңда қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Жергілікті тұрғындардың арасында арыздары немесе өтініштері болатын болса, бұл сұрақ шешімін табылады деген ойдамыз. Бұны өздерінің әкімшіліктері арқылы, сыртқы істер істер минситрлігі арқылы шешуге болады.

Бүгін әлеуметтік желіде тікенек сымдар мен темір қоршауларды алып тастаған видео тарады. Бұл халықтың наразылығы басылғанша ма, әлде мүлдем қойылмай ма, ол жағы белгісіз. Өйткені, республикалық шекара қызметі өкілдері де қандай да бір ақпарат беруге асығар емес.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Ал, облыс әкімінің баспасөз хатшысы бұл мәселе әкімдік құзырына кірмейді,- деп қысқа қайырды. Бірақ бүгін аймақ басшысының бірінші орынбасары көптоғайлықтармен кездесуге кеткенін айтты.

Көптоғай ауылы Қиғаш өзені бойында орналасқан. Кезіндегі балықшылар ауылы. Бүгінде халық мал ұстап күнелтеді. Сондықтан жайылым мен өзен суына жол жабу -  тынысымызды тарылтқанмен бірдей,- дейді көпшілік.

Б. Надірқызы