Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте бір топ тұрғын стадион орнына емхана салынуына қарсы

  • AstanaTV
  • 22 сәуір 2021
  • 2780

Стадион немесе емхана! Шымкенттегі Қызыл-Жар шағын ауданының халқы, ұзақ жылдар бойы өздері шынығып жүрген спорттық алаңқайдың орнына емхана салуға қарсы. Ал әкімдік өкілдері мемлекеттің меншігіндегі жер теліміне, медициналық мекеме салуды жөн деп біледі. Шуласқан топтың талап-тілегін әріптесім Айзада Төребекқызы тыңдап келді.

Топтасқан мына халықтың талабы жалғыз. Алпыс жылдан бері өздері доп теуіп өскен спорттық алаңшаны сақтап қалу. Айтуларынша, аумағы екі шақырымнан асатын стадионға иелік ететіндер табылыпты. Білулерінше, бұл жерге жеке инвестор 500 орындық емхана салғалы жатыр.

Илхам ИКРАМОВ:

Қанша спортсмендер, қанша чемпиондар шықты осы уақытқа дейін. Қазіргі уақытта менің өзімнің төрт балам осы жерде боксқа қатысады. Негізі қазір пандемия кезінде крытый залдар опасный, осындай ашық жер, стадиондар керек бізге.

Рысқұл НӘБИЕВ:
   
Мен осы жерде мысалы екі круг қып шығам азанда таяқпен, анандай ходьба дейді,  40 рет отырып тұрам, сол үшін қазір 78-ге келдім. Сол үшін бұл стадион біздің ұрпақтың денсаулығы үшін керек. Бізге поликлиника керегі жоқ.

Тұрғындар стадионның жері дәл қазір кімге тиесілі екенін анық айта алмады. Бұл жерде жас балалар түрлі спортпен шұғылданады.  

Қайрат БАҚҚАРАЕВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:

Қайта мынадай стадионды соғуымыз керек қой көбірек қып. Халық балалар үшін, жастар үшін. Жастар қайда барады мысалы үшін.

Қайрат ОМАРАЛИЕВ, АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

 
Біздің халық анау қалаға барып фитнес клубқа баратын балалар жоқ 1,5 мың доллардан, 1200 доллардан төлеп. Балалар осы жерге шығады. Біздің талабымыз –қазір мына стадионды қалдыру керек.


Шуласқан топқа шенділер басу айтты. Жаңа емханаға бөлінген телім әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қарайды екен. Емхана салу бүгінгі күні өткір мәселе деді аудан әкімі. Шаһардың бас дәрігері осы төңіректегі алпыс мың адамға қызмет көрсететін емхананың тым ескілігін уәж қылды.

Бақытжан ПОЗИЛОВ, ШЫМКЕНТ қ. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
                                                                                   
Бұл мемлекеттік емхана болады. Бұл жерде барлығы тегін болады. Ешқандай бұл жерде ақылы түрде болмайды. Бұндай емханалар бізде Шымкент қаласында бірнеше емхана салынған.

Бұхарбай ПАРМАНОВ, ШЫМКЕНТ қ. АБАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Көптеген ата-аналар бар, көпбалалы аналар бар олар осы жерге салуға келісім беріп отыр. Енді екінші жағы келісім бермей отыр. Енді әрине бұның бәрін халықпен келісім арқылы шешілетін мәселе. Біз енді бүгін алда жалда саламыз деп жатқан жағдай жоқ. Бірақ дегенменде бұл инвестордың келіп отырғаннан кейін, +біз енді соны пайдалануды жөн деп санап отыр едік.


Жеке инвестор болса емхананың халық тығыз орналасқан жерге салуым керек деп отыр. Қазірдің өзінде 300 млн теңгеге заманауи құрал-жабдықтарды алдыртып үлгеріпті. Ал спорттық алаңшамызды қайтсек те сақтап қаламыз деген тұрғындар 1200 қол жинап, Президенттің атына хат әзірлеуге кірісті.

А. Төребекқызы