Русский Сайттың толық нұсқасы

Кинотеатрда қазақ тілінде көрсетілетін не дубляждалған фильмдердің билет бағасы 50 пайызға арзандауы мүмкін

  • AstanaTV
  • 23 сәуір 2021
  • 1855

Кинотеатрда қазақ тілінде көрсетілетін немесе дубляждалған фильмдердің билет бағасы 50 пайызға арзандауы мүмкін. «Nur Otan» партиясы жанындағы «Miras» республикалық кеңесінің отырысында осындай бастама көтерілді. Мақсат фильмді мемлекеттік тілде көретін аудиторияны арттыру. Ал қажетті қаржыны бюджеттен субсидиялау арқылы алуды көздейді. Отандық кинематографияның бүгіні мен ертеңі жайлы толығырақ келесі бейнематериалда.

Осыдан екі жыл бұрын «Кинематография туралы» заң қабылданды. Ол дубляж, аударма, отандық фильмдердің сапасын арттыруды және сұранысты реттеуі тиіс еді. Мамандардың пікірінше бүгінгі күні бұл саладағы біраз проблема шешімін таппай отыр.

Серік ЕРҒАЛИ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

Елдегі кинематографияның драматургия саласы, сценарий мәселесі сын көтермейді, әсіресе, қазақ тілді білікті, талғампаз сценаристер тапшы. Осыған байланысты кинодраматургияны шұғыл дамытуға арналған шаралар тізімін жасау қажет.

Бүгінгі күні әлеуметтік маңызды фильмдерге жұмсалатын қаражат мәселесі де өзекті. Бөлінуі керек, бірақ алдағы үш жылда бір бөлігін қайтару тетігі қарастырылып отыр.

Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:
 
Әлеуметтік маңызы бар фильмдердің өндірілуіне 100%-ға дейін қаржылай қолдау көрсетілген тұлғалар, прокаттаудан түскен түсімнің 20% мөлшерінде Ұлттық киноны қолдау орталығына, қалған алушылар қаржылық қолдаудың пайыздық арақатынасына сәйкес көлемде қаржыны қайтаратын болады. Қайтарылатын қаражаттың барлығын жаңа жобалар өндірісіне бағытталатын болады.

Сондай-ақ халықтың бір бөлігі ақпарат және танымдық дүниелермен ютуб секілді платформаларда танысады. Осы орайда «Астана» телеарнасының бас директоры Құрманбек Жұмағали архивтегі ұрпақ үшін құнды материалдарды ютубқа жүктеп отыруды ұсынды.

Құрманбек ЖҰМАҒАЛИ, «АСТАНА» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
 
Қазіргі таңда каналда «Астана» телеарнасының өз мұрағатынан және ҚР Президенті телерадиокешенінен алынған материалдар бар. Канал құрылғалы бері 18 мыңнан астам көрермен жазылып үлгерді. Тәуелсіздік жылдарындағы ел дамуының тарихын бір жүйеге келтіру мақсатында барлық қазақстандық БАҚ, Президент телерадиокешені, Ұлттық мұрағат пен ҚР кітапханасы қорларымен жұмыс жасау жоспарда бар.

Бірінші отырысты қорытындылаған кеңес төрағасы Жанарбек Әшімжан көтерілген мәселелерді ескеріп, Үкіметке жіберілетін ұсыныстарға тоқталды. Соның бірі қазақ тілінде көрсетілетін фильм сапасы, дубляж мәселесі және балаларға арналған фильмдер.

Жанарбек ӘШІМЖАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қазақ тілінде көрсетілетін не дубляждалған фильмдердің аудиториясын арттыру мақсатында кинотеатрларда қазақ тілінде көрсетілетін не дубляждалған ұлттық фильмдердің билет бағасын 50 пайызға арзан сату үшін мемлекеттік бюджеттен субсидиялауды қарастыру. Сондай-ақ балаларға арналған фильмдер түсіруге жыл сайын квота бөлуді заңдастыру мүмкіндігін қарастыру.


Және кинотеатрларда қазақша субтитр сапасын арттыру үшін тиісті жұмыстар жүргізілетін болды. «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» қаржыландыратын фильмдерді іріктеуде әлеуметтік маңызы барларына басымдық береді.

Ә. Өмірзақ