Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай облысындағы ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің 60 пайызы банкте кепілдікте тұр

  • AstanaTV
  • 06 қыркүйек 2017
  • 3454

Қостанай облысындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 60 пайызы банкке кепілдікке қойылған. Оның басым бөлігі бос жатыр. Ал үй салуға 10 сотық алғысы келетін аймақ тұрғындары бірнеше елді мекенде тіркелген. Тіпті, төрт жерде жер кезегінде тұрған адамдар бар болып шықты. Жерді түгендеу, үлестіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Заңғар Санай сабақтайды.

Заңғар Санай, тілші:

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді тиімсіз пайдаланып отырғандардың қара тізімін Қостанай облысы бастап тұр. Мәселен, былтыр қазақстандық кәсіпкерлерден 279 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, соның 84 пайызы - астықты өлкенің алқабы.

Қара жердің қадірін білмегендерге алқапты өңдемегені үшін емес, өзге мақсатта пайдаланғаны үшін қомақты айыппұл салыныпты. Олар  жайылымға арналған жерге егін егіп, шабындық жерлерін жөнді игермеген. Көбісі несие алу үшін алқаптарын кепілдікке қойған көрінеді.

Нұрлан Әбдуов, облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы:

Қарызға белшеден батқан жер иелері бос жатқан алқаптарын кепілдікке қоя берген. Мәселен, аймақтағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 60 пайызы банк кепілдігінде тұр.

Басқарма өкілдері қазіргі таңда 500 мың гектар алқапты бақылауға алғандығын айтады. Егер жер иелері, дер кезінде дұрыс игермесе, 400 мың гектар жайылым мен 100 мың гектер шабындық мемлекет меншігіне қайтарылуы мүмкін.

Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі (4.09.2017 ж.):

Жерді иемденіп алғандардың көбісі көзбояушылық жасап жүр. Олар жұмыс істеп жатырмыз, жерді өңдеп, игеріп жатқандай жалған кейіп көрсетеді. Енді ондайларды қатаң бақылауға алу керек.

Қала тұрғыны Достияр Балықбаев 3 жыл бұрын жер кезегіне тұрған. Алайда, жуық арада  шаһар маңынан 10 сотық алу мүмкін еместігін айтады. Өйткені  Қостанайдан тегін телім алғысы келетіндердің тізімі 19 мыңнан асып кеткен. Сондықтан қалаға жақын жердегі ауылдарға тіркеліп, арыз жазып қойыпты.

Достияр Балықбаев, қала тұрғыны:

Қазақ болғасын, жер үйде тұрғымыз келеді. Қай жерден тезірек болады дегендей, 2 жерде кезекте тұрмыз, 2-3 жыл болды. Хабарын күтіп отырмыз.

Облыс бойынша 10 сотық жер телімін алғысы келетіндердің саны 28 236. Жуықта жер қатынастары басқармасы тексеру жүргізіп, бірнеше елді мекенде кезекке тұрған  876 адамды анықтапты. Ал 2005 жылдан бері кезеке тұрғандардың 14 пайызы ғана тегін телімге қол жеткізген.

Батырбек Ахметов, облыстық жер қатынастары басқармасының  басшысы:

Түгел тізімді басқармаға алдыртып, салыстырдық. Сол кезде жаңағы 876 адам анықталды. Кезекте  екі  немесе одан көп ауылдарда тұрған адамдар бар. Оның ішінде біреуі 4 жерде, 99 -ы 3 жерде, 776 адам екі елді мекенде кезекке тұрған.

Басқарма басшысы түгендеу жұмыстары барысында, елден көшіп кеткен, қайтыс болған  және дер кезінде құжаттарын рәсімдемеген 1 мыңға жуық тұрғынның кезектен алынып тасталғандығын айтты.

Ал облыс әкімі кезекте тұрғандардың тізімін азайту үшін Қостанайдан 100 шақырым аумақта орналасқан ауылдардан жер беруді ұсынып отыр. Әкімнің айтуынша, тұрғындары көшіп кеткен кейбір елді мекендерде әлі күнге дейін инфрақұрылым, жарық, су, тіпті көгілдір отын бар. Оларды халық игілігіне беруді тапсырды.

Заңғар САНАЙ