Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағалығынан кетті

  • AstanaTV
  • 28 сәуір 2021
  • 2481

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағалығынан кетті. Енді тізгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевта. Бұл шешім бүгін 29-шы сессияда қабылданды. Елбасы мұндай қадамға баруын «барлық мәселені бір адам шешуі тиіс» деп түсіндірді. Сондай-ақ "тұрақтылық" саясатын сынайтындарға жауап берді. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақсыздыққа шақыратындар қатаң жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Сессияда көтерілген өзге де маңызды тақырыптарды әріптесім Әлішер Өмірзақ тарқатады.

«Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылдығы». Бүгін Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының 29-шы сессиясы өтті. Құрылғалы төраға қызметінде болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды. Және "тұрақтылық" саясатын сынайтындарға жауап берді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
 
Мен кейбір оппозициядағы жолдастардың «ол үнемі тұрақтылық туралы айта береді» дегенін естідім. Не жақсы? Тұрақсыздық па? Революциядан революцияға, соғыстан соғысқа дейін өмір сүрсек, мемлекет дамымайды. Мен еліміз әлемнің орталығына айналғанын, балаларымыз бен азаматтарымыздың қақтығысты көрмегенін қаладым.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы экономикалық жетістіктеріне де тоқталды. 30 жылда 365 млрд доллар шетелден инвестиция тартылған.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бүгінде жұмыссыздық 3 есеге қысқарды. 1993 жылы елден 3 млн-ға жуық азамат кетіп, нәтижесінде қазақстандықтардың саны 14 млн адамды құрады. Алайда қазір халық саны 19 млн-ға жуықтап қалдық. Бұл көрсеткішті 2025 жылға дейін 20 млн-ға дейін жеткізуді тапсырдым. Менің ойымша біз одан да асып түсеміз.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағалығынан кетті. Енді ассамблея тізгіні - мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевта.   

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ассамблеяны басқаруға қатысты бірқатар құзірет еліміздің Президентіне жүктелген. Қазақстан халқы Ассамблеясы тірек ретінде іс басындағы Президенттің жанында тұруы тиіс және екінші жағынан Мемлекет басшысы да Ассамблеяға арқа сүйейді. Сондықтан мен Ассамблеяны басқару құқығымды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдадым.

Маңызды міндетті жауапкершілікпен атқарамын деген Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының ел дамуындағы, тыныштықты қамтамасыз етудегі ерен еңбегін атап өтті. Ал тұрақсыздыққа шақыратындар қатаң жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Nur Otan» партиясының «Біз біргеміз!» акциясы аясында аз қамтылған отбасыларға үлкен көмек көрсетілгеніне тоқталып, Ассамблея алдында тұрған жаңа міндеттерді атады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Коронавирус дерті қыспаққа алған күрделі кезеңде халқымыздың алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыру үшін біз бәріміз бір ел, бір ұлт болып жұмылуымыз керек. Татулық пен келісім саясатын жалғастырып, дамыта түсу баршамыздың ортақ парызымыз. Себебі бүгіндей алмағайып заманда кез келген сынаққа төтеп беру үшін бірлігіміз әрдайым бекем болуға тиіс.

Сессия қорытындысымен Ассамблеясының Үндеуі қабылданды және Мемлекет басшысының ұсынуымен Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрметті Төрағасы атанды.

Ә. Өмірзақ