Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанның қанша гектар ауылшаруашылық жерін шетелдіктер жалға алып отыр?

  • AstanaTV
  • 29 сәуір 2021
  • 2327

Елімізде 18 мың гектардан астам жерді екі шетелдік компания жалға алып отыр. Сондай-ақ 75 мың гектар ауылшарушылығы жерін шетелмен біріккен компаниялар пайдаланып келеді. Бұл туралы бүгін   Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді. Бірақ енді бұл жер телімдері  мемлекетке қайтарылады деді министр.  Жалпы  жерді шетелдіктерге    сатуға тыйым салатын  заң жобасын Сенат Мәжіліске кері  қайтарды. Оған не себеп болды? Әлішер Өмірзақ тарқатады.

Сенат жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салатын заң жобасын Мәжіліске қайтарды. Себебі, депутаттар азаматтарға орман өсіру үшін де жер телімдерін   беруге болады дейді.     

Әбдәлі НҰРАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Орман өсіру үшін жер учаскелерін тек Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдік үлесі жоқ Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына беру туралы тиісті өзгеріс пен толықтыруды Жер кодексінің 48-ші және 128-бабына енгізу ұсынылып отыр. Заң жобасы Қазақстан Республикасының Конституциясына және қолданыстағы заңдарына сәйкес келеді.

Қазір ел аумағындағы жер учаскелерін өзге елден келгендер де пайдаға жаратып отыр.  Бірақ енді ол  мемлекетке қайтарылады.

Сапархан ОМАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Қазіргі уақытта жалпы ауданы 74,4 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді шетелдік қатысуы бар жеті заңды тұлға жалға алып отыр. Сонымен қатар екі шетелдік компания жұмыс істейді, бұл Шығыс Қазақстан облысында 14,9 мың гектар алқапта 1 және Жамбыл облысында 3,6 мың гектар алқапта 1 кәсіпорын бар.

Министрдің айтуынша,   шетелдік компаниялар бұл аумақтарды мараторий енгізілгенге дейін жалға алған. Алдағы 5 жылда    жалға алу  мерзімі аяқталады. Сондай-ақ пайдаланылмай жатқан жерді қайтарып алу уақытын  2 жылдан 1 жылға қысқарту үшін  жаңа механизм әзірленіп жатыр.   

Сапархан ОМАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:


Онда пайдаланылмайтын жерлерге жер салығының мөлшерлемелерін 10-нан 20 есеге дейін ұлғайту көзделген, яғни, ұтымсыз жер пайдаланушылар пайдаланылмайтын жерлерден өз еркімен бас тартуы үшін экономикалық мәжбүрлеу тетігі іске қосылғанын атап өткім келеді.

Еске сала кетейік, жерді шетелдіктерге сатуға қатысты енгізілген мораторий   биыл 31 желтоқсанда аяқталады. Резонансты мәселенің  нүктесін қою үшін Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге бермеуді заң жүзінде бекітуді тапсырды. Осыған байланысты, тиісті заң жобасын   Мәжіліс  мақұлдап, Сенатқа жіберген болатын.

Ә. Өмірзақ