Елордада салынып жатқан мектептердің сапасы сын көтере ме? Бір топ мәжіліс депутаты құрылыс алаңына барып, жұмыс барысымен танысты. Біраз кемшіліктер анықталды. Оны «Nur Otan» партиясының Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы министрлікке депутаттық сауал ретінде жолдамақ.
Әлеуметтік желіде қалада салынып жатқан мектептердің құрылыс сапасына қатысты пікір көп. Бірі мекеменің ішкі мазмұнына көңілі толмаса, бірін құрылысқа салынып жатқан қаржы өзін ақтай ма деген сұрақ мазалайды. Халықтың алаңдаушылығын туғызған мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін депутаттар құрылыс басына барды. Алғашқы нысан -Майқайың көшесі бойында салынып жатқан 1200 балаға арналған мектеп. Жоспар бойынша биыл күзде пайдалануға беріледі. Қазір жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Бірақ жобада кейбір жайттар ескерілмеген. Мәжілісмендердің айтуынша, жуынатын, киім ауыстыратын бөлмелер тар және өте аз.
Ал, 2500 бала білім алатын №86 мектеп салынғанына 3 жыл болар-болмастан сыр бере бастаған. Спорт және акт залдарының қабырғалары жарылып, жауын жауған сайын шатырдан су кетеді. Білім басқармасының басшысы мәселеден хабардар, кезең-кезеңімен шешіледі дейді.
Шәкәрім СЕЙСЕМБАЙ, НҰР-СҰЛТАН қ. БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бұл мәселелермен байланысты қазіргі таңда жұмыс жасалып жатыр. Мектеп басшылығы ауысты. Өзіміздің тарапымыздан да білім басқармасы тарапынан да ол мектепке қазіргі таңда көмекті жоспарлы түрде шешу жолдарын жасап жатырмыз. Сол жоспар бойынша мектептің мәселесі шешіледі.
Депутаттар осы рейд барысында анықталған олқылықтар негізінде ұсыныс әзірлеп, құзырлы орындарға жолдайды және оның орындалуын бақылауда ұстайды.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:
Біз міндетті түрде біріншіден үкіметке өзіміздің осы талап-тілектерімізді жеткіземіз. Кейін тетіктері ретінде орындалуын қадағалау, оған мониторинг жүргізуді жалпы "Nur Otan" партиясы жанындағы қоғамдық кеңестің аясында жалпы өзіміздің депутаттың мандаттың аясында жүзеге асыратын боламыз.
"Nur Otan" партиясының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы аясында елімізде - 800, Нұр-Сұлтанда -50 мектеп салынады. Биыл елордада 16 білім ордасы пайдалануға беріледі. Соның бірі- сол жағалауда салынып жатқан білім ошағы. Жоба құны-7 жарым миллиард теңге. Құрылыс жоспар бойынша жүріп жатыр. Бәрі көңілге қонымды. Депутаттар оң баға берді. Сапасы халықаралық стандартқа сай, дейді. 4000 оқушы қабылдауға мүмкіндігі бар.
А. Данияр