Русский Сайттың толық нұсқасы

Вакцина Оралда автобуста, ал Түркістанда тойханада салынып жатыр

  • AstanaTV
  • 30 сәуір 2021
  • 2585

Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтыру дерегі көбейген. Аймақ басшысы өңірдегі жағдай күннен күнге ушығып бара жатқанына алаңдаулы. Ол ауыл әкімдері мен имамдарға, жиындар өткізбеуге күш салуын талап етті.  Облыс орталығында коронавирусқа қарсы вакцина автобустарда салына бастады. Ал Түркістан облысында  тойханаларда екпе егу жұмыстары қолға алынған. Мамандар мұны екпе алуға ниеттілердің көптігімен түсіндірді.

Оралдағы халық көп шоғырланатын сауда орталықтары мен базар маңында мынадай үлкен автобустар тұр. Мұнда бірнеше дәрігер бар. Екі дәрігер сырттағы келушілердің сақтық шараларын қадағаласа, енді бір тобы тұрғындардың қан қысымын өлшеп жатыр. Тағы екі ақ халатты екпе салуда.

Зайнедден ҚУАНЫШОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


20 жылдай болған шығар укол алмағаныма. Уколдан қорқам, вакцинадан емес. Енді мынадан құтылу керек. Емделу керек, укол алу керек. Пайда болар может? Давайте, бәріміз дружно егілейік!

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, қала бойынша осындай 5 жылжымалы медициналық кешен жасақтағандарын айтты. Еріктілерге қалауына қарай, отандық және ресейлік вакциналарды салуда.  

Қайрат ТӨЛЕГЕНОВ, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ N1 ЕМХАНАНЫҢ ДӘРІГЕР-ЭПИДЕМИОЛОГЫ:


Халыққа өте ыңғайлы. Ойын-сауық орталығына келдің, бес-он минут уақытыңды бөлдің. Екпеңді алдың, дәрігерге қаралдың. Келісіміңді бердің. Өте ыңғайлы деп ойлаймын халыққа. Өйткені емханаға барғанда кезек болады. Емханада да жасалып жатыр. Адам өте көп.

Ал, Түркістан облысы Абай ауылында дәрігерлер келушілерді тойханада қабылдап жатыр. Вакцина қабылдауға келгендердің бірі Бахтияр Қожабеков. Ол мұнда жұбайы мен ұлын ерте келген. Өзі былтыр індетке шалдығып, біраз ауыртпалықты бастан өткергенін айтады. Сондықтан барынша сақтануды жөн көріпті.

Бақтияр ҚОЖАБЕКОВ, АБАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Дүниежүзі бойынша эпидемия жайылып жатыр. Біздің Қазақстанда да эпидемия қанша облыстар «Қызыл аймаққа» енген.  Осыны болдырмас үшін жұбайыммен, отбасымызбен келіп екпе салдырып жатырмыз.

Келес ауданында жұрт екпе алуға жаппай кезекке тұрып жатыр. Осыны ескерген жергілікті кәсіпкерлердің бірі иелігіндегі тойханасын көптің қажетіне жаратуға ұсыныпты. Айта кетейін, Түркістан облысы вакцина салудан көш бастап тұр. Соңғы мәлімет бойынша аймақта індетке қарсы 96 мыңнан аса адам Спутник- V, мыңға жуық адам  QazVac-ты салдырған.

Ақерке МЕДЕТБЕК, ДӘРІГЕР:

 
Халықтың белсенділігі өте жақсы. Олар өз еркімен, ешқандай мәжбүрсіз түрде келіп, вакцинаны өз қалауларымен алуда. Тіпті үлкен қарт адамдар, 65 жастан асқан адамдардың өзі өз қалауларымен келуде. Кейбір адамдар өздерінің отбасымен топ-топ болып осы вакцинаны алуға келуде.

Батыс Қазақстан облысында, коронавирус жұқтырғандар азаймай тұр. Аймақтағы 17 инфекциялық стационардың тең жарымы науқасқа толған. Ал жыл басынан бері ауыр індеттен 107 адам көз жұмыпты.
 
Ғали ЕСҚАЛИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Жағдайымыз былтырғыдан да нашар. Ең қауіпті, қиын ай былтырғы шілде айында күніне 120-130 адам осы вирусты жұқтырса, қазіргі кезде күніне 180-200 шығады. Яғни, былтырғыдан да нашар, жағдай қиын. Мұнда тек біздің өз жұмысын аямай істеп жүрген дәрігерлеріміздің арқасында ғана қарсы шығып отырмыз.

Айта кетелік, ертеңнен бастап Орал қаласы мен облыс аудандарына 19 блок бекет қойылады. Өңірде көлік қозғалысы шектелмек.

А.Төребекқызы, Е.Карин