Русский Сайттың толық нұсқасы

Н.Назарбаев пен Қ.Тоқаев мерекемен құттықтады

  • AstanaTV
  • 30 сәуір 2021
  • 2915

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін қазақстандықтарды, 1-ші мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады. Көпұлтты халқымыздың мызғымас достығы, Қазақстан мемлекеттілігінің басты тірегінің біріне айналғанын атап өтті. Бұл күн баршамыз үшін татулық пен келісімнің, патриотизмнің символы болып саналады,-деді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде еліміз қолжеткізген барлық жетістіктер – Отанымыздың тағдыры үшін ортақ жауапкершілік сезіне білген күллі қазақстандықтардың береке-бірлігінің көрінісі. Біздің мақсатымыз – қажыр-қайратымыз бен ертеңгі күнге деген сенімнің бастауы болған ел бірлігін бұдан да әрі көздің қарашығындай қорғау. Баршаңызға зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін!

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бүгін халықты атаулы мерекемен құттықтады. Біз қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің, өзара қолдау мен жасампаз еңбектің арқасында кез-келген қиындықты еңсеріп, көздеген мақсатымызға жетеміз деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен белгіленген бұл мереке ғасырлар бойы қазақ жерінде берік орныққан достық пен ауызбіршілік, өзара құрмет пен сенім сияқты қастерлі құндылықтарға негізделген. Тәуелсіздік кезеңінде негізі қаланған «әралуандығымыз – бірлікте» қағидаты Қазақстанның сан қырлы мәдениеті мен дәстүрін баға жетпес байлығымызға айналдырды. Ырыс-ынтымақ пен отаншылдық рух ұлттық кодымыздың ұйытқысы болып отыр.

Ғ.Өтемісов