Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда саябақтағы әткеншек тоқтап қалып, 8 бала жарақат алды

  • AstanaTV
  • 04 мамыр 2021
  • 1699

Орал қалалық саябағындағы әткеншек  істен шығып, 8  бала жарақат алды.  Бірақ аттракционның иесі  оған өзін кінәлі санамайды."Техникаға сенім жоқ, мұндай ақау болып тұрады" дейді кәсіпкер. Полиция болған жағдайға байланысты іс қозғады.  Мәселенің анық-қанығы тергеу біткен соң белгілі болады. Ал қазір зардап шеккен балалардың жағдайы қалай? Оқиға қалай болды? Еркін Кариннің бейнематериалында толығырақ.

Бұл – саябақтағы бейнебақылау камерасындағы  бейнежазба. Зырылдап айналған әткеншек кенеттен кілт тоқтап, балалар отырған орындықтар бір-біріне соғыла бастайды. Баласын құтқаруға асыққан ата-аналар қоршаудан секіріп, жанталасып жатыр.

Антон Ротштайн, АТТРАКЦИОНДАР БАҒЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Болған іске әрине қынжыламыз. Бірақ аттракционның неліктен істен шыққанын білмейміз. Біздің кінәміз жоқ. Техниканың аты - техника. Егер тексеру жұмыстары біздің кінәлі екенімізді анықтаса, балалардың ем-домына қажетті қаржыны төлеуге ,моральдық шығындарын өтеуге әзірміз.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, жарақат алған балалардың барлығы облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Тиісті тексеруден өтіп, алғашқы медициналық көмек алған.

Сәуле ЗАҒИДУЛЛИНА, БҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Ауруханаға «Жедел жәрдеммен» жеткізілген балаларды дәрігер қарап тексерді. Травмотолог балалардың ешқайсысының миы шайқалмағанын, еш жері сынбағанын анықтады. Қазір барлығы да амбулаторлық ем алу үшін үйлеріне жіберілді.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Сегіз жеткіншекті жазым қыла жаздаған мына әткеншек қазір тоқтап тұр. Полиция оқиға болған жерді мөрлеп, аттракционның жұмыс істеуіне тыйым салыпты. Бірақ бұл тыйымның қашанға дейін созылары белгісіз. Өйткені мұндай аттракциондарды тексеретін құрылым Орал түгілі, Қазақстанда жоқ көрінеді.

Кәсіпкердің айтуынша, бұл аттракцион сегіз жыл бұрын Белоруссиядан әкелінген. Содан бері қондырғының техникалық жағдайын өздері ғана тексеріп тұрады.  Өйткені мұндай аттракциондардың жұмысын қадағалайтын елімізде арнайы орган жоқ. Полиция бұл іске қатысты  Қылмыстық Кодекстің 306-бабы 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғады. Кәсіпкерге қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін қызмет көрсеткені үшін айып тағылып отыр. Егер кінәсі дәлелденсе, 14 миллион теңге айыппұл салынуы мүмкін.

Е. Карин