Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайлық медбике денсаулық сақтау министрлігін сотқа берді

  • AstanaTV
  • 06 мамыр 2021
  • 2050

Қостанайлық медбике Кәукер Досова денсаулық сақтау министрлігін сотқа берді. Себебі, ол былтыр коронавирус індеті өршігенде провизорлық орталықта  жұмыс істеп жүріп, вирус жұқтырса да, тиісті  өтемақы алмаған.  "Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айрылыпты" дегендей, жұмыстан да шығып қалыпты.   Әділдік іздеп шарқ ұрған медбикемен тілшіміз Заңғар Санай жолықты.

Кәукер Қажығалиқызы медицина саласында 34 жыл еңбек еткен.   Былтыр дерт  дендеген тұста провизорлық орталықта күндіз-түні жұмыс істеп, алдыңғы шепте жүрді. Короновирусқа шалдыққандармен тікелей байланыста болғандықтан өзі де індет жұқтырып алып, науқастанған.
 
Кәукер ДОСОВА, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Біз апрель, май айында профилакторияда тұрдық. Апарып әкеліп жүрді жұмысқа. Бірақ март пен июнь айында сол стационарда тұрдым. Өйткені жұмыс көп болды. 5-ші июльде менің ауруым асқынып, демала алмай қалғанда сол бөлімшеде рентгенге түсірді. Өкпеңіз 50 проценттен астам зақымданған деп айтты.

Сонан кейін бір ай емделген. Оған дәлелі бар. Бірақ еңбекке жарамсыздық туралы қағазы мен  эпидемиолог мамандардың хаттамасы болса да, облыстық денсаулық сақтау басқармасы Кәукер Досованы екі миллион теңге өтемақы алатындар тізіміне қоспаған.

Кәукер ДОСОВА, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 
Министрлікке Цойға да хат жаздым.Бүкіл хаттар әкімдікке  түседі.Одан басқармаға түседі.Ал басқарма маған кодировкаңыз сәйкеспейді деп жауап береді. Бірақ мен кодировканы жарамсыздық парағына өзім қойған жоқпын. Кодировка G пневмония деп тұр.Өзім ауырып тұрған кезімде ешкіммен ұрысқым да келген жоқ.Күні бойы арызбен жүрдім де.Выход таба алмаған соң 1 қыркүйекте арыз жазып жұмыстан шығып кеттім.

Кәукер облыс әкімінен де көмек сұраған.  Бірақ, нәтижесіз.  Амалы таусылған соң   сотқа жүгінгенін айтады.  
 
Зәуре ЕДИКОВА,  ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Қостанай қалалық сотында Қостанай облысының денсаулық сақтау басқармасы мемлекеттік мекемесіне , ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өтемақы төлеу және моральдық зиянды өндіру туралы қала тұрғынының талап-арызы бойынша азаматтық іс қаралуда.


Шағымданушының айтуынша, провизорлық орталықта онан бөлек тағы 10 дәрігер вирус жұқтырған. Бірақ соның төртеуіне ғана  өтемақы төленген.  Қалғаны жұмысынан айрылып қалмау үшін  үндемей жүр дейді.  Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар  "сот ісі аяқталмайынша  ешқандай ақпарат  бермейміз" деп отыр.  

З. Санай