Русский Сайттың толық нұсқасы

Риддерде төтенше жағдай енгізілді

  • AstanaTV
  • 11 мамыр 2021
  • 1673

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласына төтенше жағдай режимі енгізілді. Бұл туралы жауапты министрлік хабарлады. Сондай-ақ, орман өртіне қатысы болуы мүмкін деген күдікпен жергілікті тұрғын ұсталған. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Еске салайын кеше Риддерде алапат өрт болып, 35 үй, 9 ғимарат отқа оранды. Толығырақ әріптесім Әлішер Өмірзақтың репортажында.

Алапат өрт Риддердегі орман шаруашылығынан шыққан. Тілсіз жау 280 гектардан асатын аумақты шарпыған. Түскі 1-ден аса қызыл жалынды бірінші байқаған тұрғындардың бірі, әлеуметтік желіде өрттің ауылға қарай беттегенін айтып, дабыл қағады. Естіген жұрт өздігінен керек-жарағын алып, бас сауғалаған.   

Алексей ЧЕРНОВ, РИДДЕР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

За минуту случилось и все пламя было выше 5 этажного дома. Сгорело все что есть, документы только я успел и баллон газа вытащить.

Лидия КАРЫПОВА, РИДДЕР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Думала хоть кастрюли целы остались кто знает.

Төтенше жағдайлар департаментіне соғылған алғашқы қоңырауда, орман емес шөп өртеніп жатқандығы хабарланған. Сондықтан оқиға орнына үлкен масштабтағы орман өртімен күресетін техника емес, шағын көліктер жіберіліпті. Осылай уақыттан ұтылдық дейді жергілікті төтенше жағдайлар департаменті мамандары. Секундына 20 метрге дейін жеткен, екпінді жел де өрттің күш алуына негіз болған көрінеді. Бірнеше сағатта ауылға жетіп, 35 үй мен 9 шаруашылық құрылыстың күлін көкке ұшырған.  

Алмаз ТҰРСЫНҒАЛИЕВ, ШҚО ТЖД ҚҰТҚАРУШЫ:

Өртті сөндіруге тынымсыз соққан жел кедергі келтірді. Салдарынан тілсіз жау әп-сәтте өршіп, үлкен аумаққа жылдам тарады.

Полиция қызметкерлері жалын шарпыған аумақтағы төбешіктен 1948 жылы туған әйел адамның мәйітін тапты. Сондай-ақ 1949 және 1980 жылы туған екі ер адам да сол күні ауруханаға жеткізілген. Мамандардың айтуынша олардың жағдайы ауыр.

Талғат УӘЛИ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Екеуінің де жағдайы ауыр. Денелерінің 88 және 80 пайызын күйік шалған. Өртенген үйлерде 83 адам тұрған. Зардап шеккен 13 адам жатақханаға жатқызылды, ал қалған 68 адам туысқандарының үйіне орналастырылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайға қатысты істі өз бақылауына алды. Ол туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы хабарлады.

Берік УӘЛИ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл мәселені Президент өз бақылауында ұстап отыр.


Төтенше жағдай министрлігі қазір өрт толықтай сөндірілді, ал орманда жалынмен күрес жалғасып жатқанын хабарлады. Риддер қаласында қазір төтенше жағдай режимі енгізілді. Мамандар өрт - қасақана немесе абайсыз болды деген екі нұсқаны қарастырып отыр. Куәгерлердің айтуынша бір топ азамат орманда кәуәп пісіріп, демалыс ұйымдастырған. Өрт шарпығанда қорқып, оқиға орнынан қаша жөнелген.

Қазір мамандар алапат өртке қатысты қылмыстық іс қозғаған. Күдікке іліккен бір адам ұсталды. Егер оның кінәсі дәлелденсе 6 млн теңгеге дейін айыппұл төлеуге міндеттелмек немесе екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ә. Өмірзақ