Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкенттегі мұз сарайы жекеменшікке өтті

  • AstanaTV
  • 05 қыркүйек 2017
  • 6112

Шымкент әкімдігі қаладағы ең ірі спорт кешенін 128 млн теңгеге сатты. «Мұз сарайының» 67 пайызы бұған дейін ел үкіметінің қаулысына сәйкес әкімдіктің үлесінде болып келген еді. Электронды аукцион арқылы саудаға шығарылған нысанның бастапқы бағасы 996 млн 900 мың теңге болатын.  Оның ендігі жаңа қожайыны - «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС. Бұл ақпаратты біздің арнаға қала әкімі аппаратының баспасөз қызметі берді.

Айта кетейік, аталған серіктестік танымал кәсіпкер Серікжан Сейітжановқа қарайтыны көпшілікке мәлім. Айтпақшы, спорт кешенінің өзге 33 пайыз үлесі де осы азаматқа тиесілі жекеменшік «САУТС-ОЙЛ» ЖШС-нің иелігінде болатын.

Естеріңізге салайық, «Мұз сарайы» - облысымыздағы қысқы спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік беретін жалғыз орын. Бірақ мемлекетке үлкен спорт кешенін қамтамасыз ету оңайға соқпады.  Соңғы үш жылда  нысан 40 миллион теңге шамасында зиян шеккен. Мекеме басшысы мұны коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуімен байланыстырған болатын. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ