Елімізде 1 200 елді мекенде ғаламтор мүлдем жоқ. Бірақ цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ауылдағы интернет мәселесін бір жылда шешуге уәде берді. Мусинге дейінгі бес министр де елді түгелдей интернетпен жарылқаймыз деген. Өкінішке орай ол сөз күйінде қалды. Өйткені, ауыл түгілі, облыс орталығында ғаламтордың жылдамдығы мәз емес. Жұрттың базынасын тілшіміз Еркін Карин жеткізеді.
Орал қаласының тұрғыны Айнаш Саматқызы үйде де, жұмыста да интернет қолдану қиын екенін айтады. Ғаламтордың ғажабын емес, азабын тартып отыр. Жұмыс істесе тек терезенің алдын айналшықтайды, басқа жерде байланыс ұстамайды.
Айнаш САМАТҚЫЗЫ, ОРАЛ қ. ТҰРҒЫНЫ:
Қазір шаш бояп жатырмын. Мысалы, телефонға адресті жіберу үшін уатсапқа кіріп, элементарно мекенжайымды жіберу үшін мен сыртқа шығып, сеть ұстап, телефоным сеть ұстағаннан кейін жаза аламын. Мысалы, үйімде қызым сабақ оқиды. Сеть іздеп жүреміз, балконға шығамыз, қай бұрыштан сеть ұстайды деп. Кешкілікте мүлдем ұстамайды.
Интернетсіз отырған ауыл-аймақтың мәселесі бүгін Мәжілісте де көтерілді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, еліміздегі 1 200 ауылда ғаламтор мүлдем жоқ, Бірақ осыған қарамастан, оптимист министр мәселені бір жылда шешуге уәде етті.
Бағдат МУСИН, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖƏНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКƏСІБІ МИНИСТРІ:
1200 ауылдық мекен бар, мүлдем интернет жоқ. 510-ында интернеттің сапасы өте төмен. Жақсы сапамен интернет беруді көздейміз 2020 жылдың соңына дейін. Осы 1200-дің барлығына беру «One Leb» сияқты технологиялармен 2022 жылдың соңына дейін берілетін болады.
Дегенмен министрдің уәжі Мәжіліс төрағасының көңілінен шықпады. Өйткені осыған дейін бес министр елді-жұртты интернетпен жарылқаймыз деген. Бірақ бәрінің уәдесі сөз күйінде қалды.
Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Елден, халықтан ұят емес пе?! Бұрынғы министрлер бес рет уәде берген, белгіленген мерзімді 5 рет жылжытты. Бүгін 2022 жыл дейсіз. 2012 жылдан бастап есептесек, құдай қаласа, ендігі жылы 10 жыл болады 100 процент жасаймыз дегеніне. Ол космосқа әлде Марсқа алып баратын проект емес қой.
Министрліктің дерегінше, соңғы үш жылда 1200 ауылға оптикалық интернет жеткізуге 75 миллиард теңге жұмсалған. Ал қалған елді мекенді қамтуға әлі 300 миллиард теңге керек. Бағдат Мусин бес министрдің әлі жетпеген істі бір жылда реттеуге уәде берсе де, тұрғындарының саны 50 адамнан аспайтын шағын ауылдарға интернеттің әзір бармайтынын жасырмады.
Е. Карин