Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысында баласын өлтіріп, денесін тоңазытқышта сақтаған ана мәжбүрлеп емделуге жіберілді

  • AstanaTV
  • 13 мамыр 2021
  • 2279

Алматы облысында 2 жастағы баласын өлтіріп, денесін тоңазытқышта сақтаған  ана психиатриялық ауруханаға мәжбүрлеп емделуге жіберілді. Себебі 27 жастағы әйелдің   параноидтық шизофрениямен ауыратыны анықталған.  Енді ол арнайы мамандандырылған стационарда ем алады. Осыған байланысты қылмыстық өндіріс сот қаулысымен тоқтатылды.   

Олжас ӘЛБОСЫНОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Қылмыстық істі жүргізу барысында айыпталушы өзіне қойылған сұрақтар мен жасаған әрекеттеріне нақты жауап бере алмады. Сарапшының қорытындысына сәйкес, азаматшаның психикалық ауытқуының бар екені, оның ішінде параноидтық шизофрения түрімен ауыратыны анықталды. Сот оны мамандандырылған психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеуге жіберу  туралы шешім шығарды.


Естеріңізге салсақ, бұл қанды қылмыс былтыр қазан айында Қаратал ауданында болған еді. Жас келіншек сәбиін тұншықтырып өлтіріп, денесін тоңазытқышқа салып қойған. Оның бұл қатігездігін туған әпкесі біліп қалып, полицияға хабар берген. Тергеу кезінде безбүйрек ана баланы шілде айында буындырып өлтіріп, мәйітті содан бері тоңазытқышта сақтағанын мойындаған. Айтуынша, баланың әкесімен ажырасқан, əкесі өзге елде тұрады. Және ұлын қалай өлтіргенін   қолымен көрсетіп берген.

Ә. Лесбек