Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда синтетикалық есірткі жасаған шетелдіктер сотталды

  • AstanaTV
  • 13 мамыр 2021
  • 1784

Оралда синтетикалық есірткі жасап, «бизнестің» жаңа түрінен пайда таппақшы  болған Украина азаматтары сотталды. Киевтен Батыс Қазақстан облысына әдейі көшіп келген олар ауылдан үй сатып алып, синтетикалық есірткі жасайтын зертхана ашқан. Бірақ есірткі саудагерлерінің кәсібі өрістемеді. Екеуі де тұтылып, ұзақ жылға сотталды. Өңірден-Еркін Карин.

Сот кезінде шетелдіктер батыс өңірді тыңғылықты зерттегенін жасырмады. Содан кейін ресми серіктестік құрып, облыста бұрын-соңды болмаған «өндіріс орнын» ашқан. Ауылдағы жасырын цехтан химиялық қоспаның сан алуан түрі табылды. Зертханада 30 келі синтетикалық есірткі дайындалған. Бірақ суға кеткен тал қармайдының керімен, күдіктілер бұл іске полицияның қатысы бар деп кінәлады.

Әлішер САРЫ, БҚО ПД ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Тәркіленген есірткі тектес зат толықтай жойылды.  Синтетикалық заттардың жойылған сәті видеоға түсірілді. Барлығы 30 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленіп, барлық дәлел, заттай айғақтар жойылды. Сондықтан күдіктілердің полицияны қаралауы негізсіз. Өздерінің жазасыз қалмайтынын білген соң, ел назарын басқаға аударып, қаралауға тырысты.

Украина азаматтары Ресейдің бірнеше облысымен шектесетін Оралды әдейі таңдап алыпты. Тіпті жергілікті халықтың орыс тілінде жақсы сөйлейтінін де    ескерген.   Есірткі саудагерлерінің шетелдегі сыбайластарымен хат-хабар алмасқаны анықталып, олардың да үстінен қылмыстық іс қозғалыпты.

Бақыт ЕРМАХАНОВ, БҚО МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Қажет құрал-жабдықтар, ақша қаражаттары басқа мемлекеттерден, Золотая Корона, Москва, Ресей Федерациясынан да құрал-жабдықтар келіп отырған. Транш дейді ғой. Ақша бөлініп отырғанын өздері теріске шығармайды. Бас-аяғы 36 мың доллар көлемінде ақша жұмсадық дейді.

 
Мұндай трансұлттық деңгейдегі ұйымдасқан қылмыстық топ өңірде  алғаш рет құрықталды.   Оралды синтетикалық есірткі орталығына айналдырғысы келген Игорь Дунаевский 19 жылға, Виталий Малюк 18 жылға сотталды. Бірақ, сотталушылар мұнымен келіспейді, аппеляцияға бермек.

Е. Карин