Батыс Қазақстан облысында қынадай қырылған киіктердің кейбірі тірідей көміліп жатыр. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада тау боп үйілген өлекселердің арасынан екі артқы аяғын шығара алмай қиналып жатқан киік анық көрінеді. Бірақ жауапты сала өкілдерінің бұған берер жауабы жоқ.
Қазір қоғамда осы киіктер мәселесі қызу талқылануда. Осыған дейін ақбөкендердің көбеюіне байланысты шаруа қожалықтары мал жайылымының тарылғанын айтып дабыл қаққан болатын. Онан кейін киіктер қырылып, мамандар оған найзағай себеп болды деді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша, күрделенген мәселені шешудің үш жолы бар. Біріншіден - жалпы ауданы 343 мың гектар «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын құру. Егер резерват құрылса, жаңадан жұмыс орындары ашылады. Екіншісі - осы резерват аумағынан су көзін тауып, киіктерге жасанды суат дайындау қажет. Бұл киікке ғана емес, халыққа да пайдалы болады. Үшіншіден, бөкендердің бір бөлігін Жайықтың оң жағалауына өткізу қарастырылған.
Қайрат ҚАДЕШЕВ, БҚО ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Киік жануары еркін жүретін жануар. Сондықтан да оны жеке мал сияқты айдауға көп көнбейді. Азынабай-Тайпақ каналын қайта жандандыру керек. Әрі қарай көшіргеннен кейін бұл сұрақ міндетті түрде тұрады. Тек қана киіктер емес, әрмен қарай шаруа қожалықтарына жағдай жасау, су көзімен қамтамасыз ету бағытында.
Е. Карин