Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО-да жүк көліктерінің шаңына көмілген тұрғындар жолды жауып тастады

  • AstanaTV
  • 20 мамыр 2021
  • 2840

Батыс Қазақстан облысында жүк көліктерінің шаңына көмілген  тұрғындар  ашуға мініп, жолды жауып тастады. Олар  ауыл іргесінен құм өндіретін карьердің жұмысына наразы. Ал жергілікті әкімдік облыс орталығын  құрылыс материалдарымен  қамтамасыз ететін өндіріс орнын жауып тастай алмайтынын айтады. Жаз бойы көкала шаңнан көз ашпайтын тұрғындардың жанайқайын Ерлан Карин жеткізеді.

Құм өндіретін карьер ашылғалы  қара дауылдың астында қалдық дейді тұрғындар. Төзімі таусылып, әбден ығыры шыққан олар жолды жауып,  жүк көліктерін жүргізбей қойды.

Жайық ауылындағы 500 отбасының мазасы май ішкендей. Көктемнен күзге дейін үйден шыға алмай қиналады. Ауыр техника жүріп өткеннен кейін көтерілетін  шаң ауылды түгел басып, тұманға айналады. Шарасыз тұрғындар балаларын жаз бойы үйінде қамап ұстауға мәжбүр. Көк шаңнын арасынан көрінбей, көлік қағып кете ме деп қорқады.

Самархан БИСЕНҒАЛИЕВ, ЖАЙЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Күніне 100-120 машина өтеді. Бізді міне тұншықтырып отыр.


Тамара ҒАТАУЛЛИНА, ЖАЙЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Кір жая алмаймыз, кірді үйге жаямыз. Кірді үйге жайғанда сырость береді былай қарағанда. Балалар ауру, астма деген ауру содан шығады.

Пани МҰХАМБЕТОВ, ЖАЙЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Әкім жұмыс істемейді, ол ең кемі бір айда екі рет халықтың алдына келуі керек. Біз білмейміз оны. Сүдінін де, аты-жөнін де.

Ашынған тұрғындар алдымен ауыл іргесінен жүк көлігінің өтуіне тыйым салатын жол белгісін   орнатқан.  Бірақ оны көп ұзамай-ақ біреу шешіп алып кеткен. Амалы таусылған Жайық жұрты   енді мұңын кімге айтарын білмейді.  Жергілікті әкімдіктен де әзір қайран болмай тұр.

Дәулет УБАЕВ, ТРЕКИН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


ГАИ-ге хат жаздық. Ана жерге объезд істеп, төменге қарай түсіп, 100 метрдей төменде жол бар. Әйтеуір есік алдынан жүрмей, шаңды әріректен көтереді ғой деп, сол объезд жасаңыздар деп біз ГАИ, РОВД-ға сұраныс хат жаздық. Енді ол болады деп отырмыз.


Ауыл әкімі орынбасарының айтуынша, келер жылы ауылдың ішкі көшелеріне асфальт төселіп, карьерге дейін тас жол салынады. Ол үшін  республикалық бюджеттен бір миллиард теңге қарастырылған. Шенеунік "халықты қажытқан мәселе сол кезде   шешіледі" деп сендірді. Ал оған дейін ауылдықтардың  шаңмен алысып,  өмір сүруіне  тура келеді.

Е. Карин