Русский Сайттың толық нұсқасы

КХДР ядролық сынағынан кейін, АҚШ алғаш рет әскери қақтығыс туралы ауыз ашты

  • AstanaTV
  • 04 қыркүйек 2017
  • 3362

АҚШ пен Солтүстік Корея арасында текетірес күшейді. Пхеньян кезекті рет сутек бомбасын сынақтан өткізді. Бұл жолғы оқиға АҚШ президентінің ашуына тиді. Санкциядан бөлек, бүгін Ақ үй алғаш рет мәселені әскери қақтығыспен шешу керек екенін басып айтты. Қазір оқиғаның тұтқыны - Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай. Пхеньянның кезекті зымыранының қуаты күшті болғаны сонша, тіпті зілзала туғызған. Ол Қазақстан жеріне де жеткен. Тілші тарқатады.

Солтүстік Кореяның кезекті рет ядролық қаруды сынақтан өткізуі бүкіл әлемді алаңдатты. Бұған дейін Жапониямен одақтастықты күшейтпеуді талап еткен Пхеньян билігі бұған дейінгі қаруды сол үшін ескерту екенін мәлімдеді. Алайда, текетірес өрши түсті. АҚШ президенті Дональд Трамп твиттердегі парақшасында КХДР-ға атом қаруын бағыттауға дайын екенін мәлімдеді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

АҚШ барлық жолдарды қарастыратын болады. Солтүстік Кореямен кәсіпкерлік ынтымақтастықта отырған елдермен сауда нарығын үземіз.

Трамптың бұл мәлімдемесі жаңа соғыс отын тұтата ма деген қауіпті күшейтті. Бірақ қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев, мұның барлығы америкалықтарды өзіне көңіл аударту үшін жасалып жатқан қадам, дейді. Рейтингі төмендеген президенттің көздегені осы болса керек.

Досым Сатпаев, саясаттанушы:

Менің ойымша,  Осы Солтүстік Кореяға қатысты оның  өжет әрекеттері, өзінің рейтингін көтеру, өзінің имиджін американдықтардың алдында көтеру мақсатында жасалып отыр.  Ал мұның соңы не болмақ? Оны айту қиын. Бірақ Дональд Трамп бұл жерде жаңашылдық әкелген жоқ, ол барлық АҚШ президенттері сияқты әрекет етіп жатыр. Егер ішкі саясатыңды құтқарғың келсе, сыртқы жауыңды тап. Сосын соның арқасында ел алдында ұпай жинап қал деген дүние тұр ғой бұл жерде. Ал қазір ол бұны Солтүстік Корея мен Иранның арқасында жасап отыр,

Пхеньянның ядролық сынағы зілзала туғызды. Сеул билігі осылай деп мәлімдеді. Қазақстандық сейсмологтар оның қуаты жоғары болғанын хабарлады. Зілзала Алматыдан 299 шақырым жерде 25 шақырым тереңдікте болған. 

Наталья Михаилова, Қазақстан  ҰСАО  директоры:

Солтүстік Кореямен болған мына соңғы жарылыс барлығынан ең күшті. Бұған дейін магнитудалар 5,3-тен жоғарыламайтын. Бұл жердегі магнитуда 6, яғни 6,3. Демек бұл ең күшті де қуатты жарылыс.

Пхеньян сутек бомбасын осымен 6-шы рет сынап отыр. Солтүстік Корея проблемасын бүгін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері қарауға отырмақ.